- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Дамир Рыспаев қытайлық...
Дамир Рыспаев қытайлық клубтың ойыншыларын қуып жүріп сабады (видео)
Хоккейден Астанада өтіп жатқан ҚР Президенті кубогы жолындағы жарыста «Барыс» пен қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командасы ойыншылары арасында қақтығыс орын алды. Нәтижесінде қытайлық клуб ойынды жалғастырудан бас тартты.
Ойындағы қақтығыс 3 минутта орын алды. Бір-біріне дөрекі ойнаған команда ойыншыларының жүйкелері сыр беріп, соңы төбелеске ұласты. Қазақстандық клубтың тафгайы Дамир Рыспаев Бейжіңнен келген команданың ойыншыларын қуып жүріп соққының астына алды. Бір емес, бірнешеуін мұз айдынға сұлатқан Дамир «Куньлунь Ред Стар» клубының қосалқы құрамына да кәрін төкті.
Ойынды жалғастырудан бас тартқан қытайлық клубқа 5:0 есебімен техникалық жеңіліс жазылды. Ал құрлықтық хоккей лигасына жаңадан қосылған клубтың словакиялық легионері Томаш Марциенко қақтығыстан кейін ауруханаға түсті. Ойыншының миы шайқалған көрінеді.
Қос команда арасындағы қақтығыстың орын алуына 5 тамыз күні өткен ойын себеп болуы да мүмкін. Сол ойында «Барыс» шабуылшысы Дастин Бойдқа қарсы қытайлық клуб ойыншылары дөрекі ойнаған-ды. Сондай сәттердің бірінде қазақстандық клуб ойыншысының аяғы сынған-ды. Енді Дастин 4 айға жуық мұз айдынға шыға алмайды.
О. Сансызбай