ЧЛ плей-оффы тарихындағы төрт ұлы жеңіс

Германиядағы күйреуден соң, «Барса» мен «Реалды» тек ғажап қана құтқара алады. Сондықтан испандық алыптар мен олардың жанкүйерлерін жігерлендіру мақсатында алғашқы ойындағы үлкен жеңілістің нақты әрі соңғы үкім болмағанын дәлелдейтін төрт кездесуді еске алуды жөн көрдік. Бір қызығы, барлық төрт кездесуде қатысушының бірі испаниялық команда.

1975/76. 1/8 финал. «Дерби Каунти» — «РЕАЛ» М — 4:1, 1:5

1975 жылы 22 қазан күні «Реалдың» Дербиде көрген қорлығы 38 жыл өте Дортмундта көргендерінен кем емес. Англия чемпиондары тамаша футбол көрсетіп, еңбегіне лайықты түрде мадридтіктерді 4:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Әсіресе үш бірдей допты корольдік клубтың қақпасының торында тулатқан Чарли Джордж рақымсыздық танытқан еді. Ал британдық баспасөз өкілдері «ұлы жеңіске» жүздеген өлең арнап, Дербидің Чемпиондар кубогының жеңімпазы атанатынына еш күмән келтірмеген болатын.

«Сантьяго Бернабеуге» мадридтіктер мүлдем басқаша келді. Ашулы, ымырасыз, бас бұлтартпайтын. Ойын басталмай жатып (3-минутта) Роберто Мартинес «корольдерді» алға шығарды. Бірақ осы қарқынмен алаң қожайындары ұзақ уақыт есепті еселей алмады. Британдық қамал тек кездесудің екінші таймында құлады. Есесіне екі рет – дәл сол Мартинес пен Сантильяна бар-жоғы төрт минут ішінде ойын барысын өзгертіп, «Мадридті» алға шығарды. Алайда тежеусіз Джордж ретін тауып, екі ойында төртінші голын соқты. Бірақ тартысты ойынның аяталуына жеті минут қалғанда, Пирри жалпы есепті теңестіріп үлгерді. Овертаймда күш сынасуға қонақтардың әлі жетпеді, нәтижесінде жеңіс голын өз атына Сантильяна жазды.  

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/FR_x8OEvqHc?hl=ru_RU","width":"450","height":"320"});

1985/86. 1/2 финал. «Гетеборг» — «БАРСЕЛОНА» — 3:0, 0:3 (пенальти — 4:5)

Сол бір еурокубогтік жорық «Барселонаның» даңқты тарихындағы ең драмалысы болды. Каталондықтар турнирмен 1/8 финалда-ақ қоштасулары мүмкін болатын. «Камп Ноуда» «Портудан» келген қонақтарды 2:0 есебімен жеңгеннен соң, «Барса» ойыншылары күні бұрын босаңсып, жарыстан шығып кете жаздады. «Порту» өз алаңында өткізген кездесуде ешбір қиындықсыз Уррути қақпасына үш гол соқты. Бірақ қонақтардың жолы болып, «Барсаның» шотландық легионері Стив Арчибальд дер кезінде көзтартарлық болмағанымен қажетті голдың  авторы атанды.  

Жартылай финалда «Барселонаның» қарсыласы «Гетеборг» болды. Кездесу фавориті сөзсіз испандықтар болып саналғанымен, шведтер жауапсыз үш гол соғудың амалын тапты. «Барсаның» ақтық сынға жолдама алу шансы барған сайын нөлге жақындай түсті...

«Барселона» маусымның басты матчына шведтерді оп-оңай жіберіп қойғанда, «Барселона» болар ма еді?! Қарымта кездесу толықтай дерлік Испания чемпиондарының үстемдігімен өтті. Жол болып, «Барса» жылдам гол соға алды. Кездесу қаһарманы – хет-трик жасап, ойынды овертаймға көшірген Пичи Алонсо. Ақырында жартылай финал тағдырын «Барсаның» жеңісімен аяқталған сериялық пенальти шешті. Дегенмен, дәл сол маусымда «каталондықтар» бәрібір Кәрі құрлық чемпионы атана алмады. Оның себебі – Стяуа қақпашысы Хельмут Дукадаманың бенефисі. Қалай болғанда да, бұл мүлдем басқа тақырып...

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/RqLHppwgGRE?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"320"});

1999/2000. 1/4 финала. «Челси» — «БАРСЕЛОНА» — 3:1, 1:5

Луи ван Гал командасы ширекфиналдық кездесудің алғашқы таймын  өте нашар өткізді – лондондық «Челсиге» 0:3 есебімен жеңілді. Үзілістен соң «Барса» жақсырақ өнер көрсете бастағандай болды және Луиш Фигудің жігерлігінің арқасында сырт алаңда бір гол соға алды. Екі аптадан соң, болжағандай, ойын мүлдем басқа көрініске ие болды. Жұлдызды құрама иелене қоймаған «Челси» (Абрамовичтің келуіне 3 жыл қалды) қорғаныста ойнауға тырысты, бірақ үзіліске дейін «Барса» екі гол соғып үлгерді. Ойынның 60-минутында Торе-Андре Фло «көктерге» уақытша көшбасшылық сыйлағанымен, Дани Гарсия тепе-теңдік орната алды. Төреші белгілеген қосымша уақытта «каталондықтар» әбден қажыған қарсыласты одан сайын шаршатты. Ривалдо мен Клюйверттің голдары «Челсидің» қарсылығына нүкте қойды.

2003/04. 1/4 финал. «Реал» М — «МОНАКО» — 4:2, 1:3

Қарымта кездесудің 36-минутында Рауль жалпы есепті 5:2-ге жеткізді, осыдан кейін «Реал» ойынды жайында қалдырды. Және осы үшін «Корольдер» бірден жазаланды. «Монаконы» алға шығару үшін Жюли мен Морьентеске бар болғаны 21 минут жеткілікті болды. Нәтижесінде сырт алаңда соққан голдар бойынша «Монако» жартылай финалға жолдама алып, ақтық сында «Портумен» күш сынасты.

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/5QkKaSbyiCw?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"320"});

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: footballtop.ru, vk.com