ЧЛ. Финал. Самюэль Это′О: «Бүгін Франк Рибериге бәс тігемін!»

Махачкалалық "Анжи" командасының шабуылшысы Самюэль Это` Чемпиондар Лигасы аясында өтетін «Бавария» мен «Боруссия» арасындағы финалдық ойын туралы «Спорт-Экспресс» сайтымен азды-кемді сұхбаттасыпты.

- Неміс финалы сізге қызық па? Немесе "Барселонамен" болған финал қызығырақ болар ма еді?

- Кез келген финал - әрқашан қызық! "Барселонамен" болсын, "Барселонасыз" болсын. Еуропаның көшбасшы біріншіліктерін қалт жібермей қарап жүремін. Және әділін кесіп айта алам, осы маусымда неміс бундеслигасы айқын танымалдылыққа ие болды. "Бавария" мен "Боруссия" біраз уақыттан бері тамаша футбол спектаклін қойып келеді. Мынаған назар салсаңыз, "Бавария" командасы соңғы жылдарда осымен үшінші мәрте финалға шығып отыр.

- Сөзіңіз аузыңызда, тиісінше көпшілігі "Баварияны" жеңімпаз деп тауып жатады. Сіз мүмкін бас тартарсыз?

- Одан гөрі, Франк Рибериге қоятын шығармын. Жай ғана дос деуден гөрі жақын бауырым деуіме толық негіз бар! Құдай тағала оған «Уэмбли» төрінде куат берсін!

- Левандовскидің "Реал" қақпасына жасаған покері осы маусымның ең жарқын көрінісіне айналды?

- Шын мәнінде олай емес. Алайда, мұндай деңгейдегі ойыншының 90 минутта төрт гол соққанын түсіндіру қиынға соғады... Айтпақшы, "Реал" лайықты өнер көрсетті. Егер жауапты ойында тағы үш минут қосымша берілгенде, онда мүмкін "Боруссияны" жеңіп, финалға өтер ме еді.

Ұзын ырғасы, "Бавария" мен "Барселона" арасындағы ойын мені қатты таң-тамаша қалдырды. Немістер қорғаныста да, шабуылда да керемет ойын өрнегін көрсетті.  Біздер психологиялық, физикалық тұрғыда жүз пайыз дайын команданы көрдік. Жеңуге деген құштарлығы кемерінен асып жатты - дейді спортшы.

Сурет:www.sport-express.ua

Дайындаған: Фараби Арыстанбек