ЧЛ. "Барселона" – "Бавария". Матч алдындағы шолу

ЧЛ. "Барселона" – "Бавария". Матч алдындағы шолу

Бүгін Каталония астанасындағы "Камп Ноу" стадионында ЧЛ жартылай финалы аясындағы жергілікті "Барселона" мен "Бавария" арасында шешуші матч өтпек. Естеріңізге сала кетсек, бірінші матчта немістер 4:0 есебімен қонақтардан басым түскен болатын.   

Әрине, осындай есептен кейін бұл матчты көпшілік жай жолдастық кездесуге теңейді. Оған қоса, "Баварияның" бірінші кездесудегі қарқынына қарап, көпшілік оны финалға шығарып қойғаны да жасырын емес. Ал керісінше соғылған голдардың әділетті болғанына сенбейтіндердің де қарасы басым. Не десек те, матчтағы ақырғы есепті "Бавария" өз еншісіне төрт жауапсыз доппен жазды. Ал "Барса" үшін кейін шегінерге жол жоқ, болған іс болды. Енді өзі жасаған қателігін тек алдағы ойында ғана түзетуге мүмкіндігі бар.   

Сонымен, каталониялық клуб Германия жерінде қарсыластары жасаған ерлікті қайталап қана финалға өте алмақ. Жәй ғана жеңіс "Барсаға" шын жеңісті әкелмесі белгілі. Ал ондай жеңіске жететін мүмкіндікті "Бавария" бере қояр ма? Себебі "Баварияның" қазіргі қарқынына қарап, оны "Миланмен" салыстыра алмайсыз. Құрамында тек Тони Кроос жоқ демесеңіз, жалпы клуб ойынға тас түйін дайын. Ал "Барселона" ше? Өкінішке орай, каталониялық клуб қатарында жарақат алғандардың тізіміне қарасаңыз, көз сүрінеді. Серхио БускетсКарлес ПуйольХавьер МаскераноЖорди Альба және Эрик Абидаль. Бұлардың барлығы да жауапты матчқа қатыса алмайтындар.      

Юпп Хайнкестің сөзінше, "Баварияда" тек Данте мен Джером Боатенгтің денсаулықтарында ақау бар көрінеді. Бірақ, бас бапкер олар алаңға шығып қалуы мүмкін дегенді де айтып қалды. Осындай қаһарлы қарсыласқа қарсы матчта "Барса" құтқарушы Мессидің көмегіне жүгінетіні анық. Жарақаты әлі күнге дейін мазалап жүрген Месси бүгін "Баварияны" "Миланға" айналдыра ала ма? Көпшілікті мазалаған басты сұрақ та осы.  

Кім не деді?

Тито Виланова, "Барселонаның" бас бапкері: "Соғылатын голдар мәселесіне келсек, Мессидің маңызды ойыншы екені рас. Ол неғұрлым жақсы ойын көрсеткен сайын, соғұрлым командаға да жақсы. Бірақ, біз ауыртпалықтың барлығын бір ойыншының иығына артып қоя алмайтынымыз анық. Сондықтан қалған ойыншылар оған бар көмектерін аямауға тиіс. Ал Месси өз сөзін бүгінгі матчта айтады деп ойлаймын.

Футболшылар бүгін өздерін қандай қиын кездесу күтіп тұрғанын өте жақсы біледі. Біз басқа басқа емес, "Барселонаның" намысын қорғайтынымызды білуіміз керек. Барлығы бітті деп қол қусырып отыратын біз жоқ. Егер финалға өтпей жатсақ та, бұл матчта керемет ойын шеберлігі мен жоғары нәтиже көрсетуге тиіспіз. Жанкүйерлердің де алғысын алу үшін біз соңына дейін тырысып бағатын боламыз". 

Юпп Хайнкес, "Баварияның" бас бапкері: "Қарсыластың кім екенін бір сәтке де естен шығармауымыз керек. Біздің өзіндік футбол философиямыз бар. Бұл маусымда "Бавария" керемет ойын өрнегін көрсете алатын ұлы команда екенін көрсетті. Біз бүгін "Камп Ноуда" міндетті түрде гол саламыз деп ойлаймын". 

Франц Беккенбауэр, "Баварияның" құрметті президенті: "Барселона" бүгін бізді өз білгенімізден жаңылдырғысы келетіні анық. Бір білетінім, олар ойын ережесімен болсын, ережесіз болсын біздің қорғанысты бұзып жаруға барын салады.

Каталониялықтар ешқашан жай беріле салған емес. Ойындағы басымдықты өздеріне аудару үшін олар ешнәрседен тайынбайды. Тіпті ойыншыларды арандатуы да мүмкін. Не десек де, олар барлық айла тәсілді қолданады". 

Жерар Пике, "Барселонаның" қорғаушысы: "Бүгін біз кішкене балалық арманға да ерік береміз. Олай істеуге біздің толық қақымыз бар. Алайда, матч өте ауыр болатыны сөзсіз. Осыған дейін біз кез-келген қарсыласты кез-келген жағдайда ұта алатынымызды көрсеттік. Бізге жанкүйерлердің қолдауы аса қажет. "Барселона" әлі де болса Чемпиондар Лигасында. Барлық айланы қолданып көруіміз керек, егер ойын біз құрған жоспармен өрбісе, онда бізге финалға шығатын мүмкіндік те жақындамақ.

Бізге ешкімді де, ешнәрсені де дәлелдеудің қажеті жоқ. Біз бұны осыған дейін бірнеше рет жасадық. Бүгін біз тағы да жанкүйерлерімізді қуантуға талпынып көреміз"  

Статистика

- "Барселона" мен "Бавария" арасындағы ЧЛ-2008/09 жылдары екі соңғы матчтың алғашқысы да 4:0 есебімен аяқталған еді. Бірақ ол кездегі жеңімпаз каталониялықтар болған. Жауапты матчта командалар 1:1 есебімен тең тарқасып, жартылай финалға "Барселона" жолдама алған еді. 

- "Барселона" неміс клубтарына қарсы өз алаңында өткен соңғы он матчта жеңіске жеткен екен. Олардың соңғы үшеуінде "Барса" қарсыластарынан кем дегенде төрт доп айырмашылығымен басым түскен. ЧЛ-2011/12 "Барса": "Байер" (7:1), ЧЛ-2009/10 - "Штутгарт" (4:0), ЧЛ-2008/09 - "Бавария" (4:0)   

- Бір апта бұрынғы Германия жеріндегі жеңілісті есептемесек, "Барселона" неміс командаларынан 17 матч бойы жеңіліс көрмеген. 

- Осыған дейін Еурокубок жарыстарында бірінші матчта төрт доп айырмашылығымен ұтылған тек үш клуб қана келесі кезеңге өткен. Олар "Реал" (УЕФА Кубогы-1985/86, 1:5 мёнхенгладбахтық "Боруссия" алаңында  және 4:0 өз алаңында), "Партизан" (УЕФА Кубогы-1984/85, 2:6 "КПР" алаңында және 4:0 үйде) және "Лейшоэш" (Кубоктар Кубогы-1961/62, 2:6 швейцариялық "Шо-де-Фондта" және 5:0 өз алаңында). 

- "Барселона" бірінші матчта үш доп айырмашылығымен ұтылып, жауапты ойын нәтижесімен үш рет келесі кезеңге өткен жағдайлар болды. Соңғысы 1985/1986 маусымындағы чемпиондар Кубогында орын алды. Ол кезде каталондықтар қонақта "Гётеборгтен" 3:0 есебімен жеңіліп, өз алаңында 3:0 есебімен есепті теңестіріп, пенальти қорытындысы бойынша, келесі кезеңге өткен екен.  

- Каталониялықтар Чемпиондар Лигасында қатарынан екі матчта 2000 жылдың қыркүйек айынан бері ұтылып көрмеген. 

- Хави мен Виктор Вальдес үшін ЧЛ жартылай финалында өткізген матчтар саны бойынша рекордты қайталауға мүмкіндік бар. Қазір бұл рекордты Эдвин ван дер Сар ұстап тұр (14 матч).   

- Хави бүгін ЧЛ плей-офф матчтарына қатысуы бойынша Райан Гиггзпен теңесуі мүмкін. Қазір Гиггзте 47 ойын болса, Хавиде 46 ойын. Виктор Вальдесте бір ойынға артық (48). 

- Виктор Вальдеске ЧЛ аясындағы өзінің жүзінші матчын өткізуге мүмкіндік бар. Осылайша ол осындай көрсеткішке жеткен 17-ойыншы атанбақ.   

- Егер "Бавария" екі матч қорытындысы бойынша жеңіске жетіп жатса, онда ол ЧЛ финалына оныншы рет жолдама алады. Одан көбірегі тек "Реал" мен "МЮ".

- "Бавария" қатарынан екі мәрте ЧЛ финалына шыққан бірінші неміс клубы атануы мүмкін. Осыған дейін ондай нәтижеге "Милан", "Аякс", "Ювентус", "Валенсия" және "Манчестер Юнайтед" клубтары жеткен болатын.

- Мюнхендіктер ЧЛ аясында қонақтар алаңында қатарынан үш кездесуде жеңіске жету арқылы клуб рекордын жаңартуы ықтимал. Мұндай жетістікке осыған дейін тек "Аякс", "Барселона" және "Реал" клубтары жеткен болатын. 

- "Бавария" биылғы ЧЛ жарысында ең көп доп соққан клуб саналады (26). 

- ЧЛ жарысында Мануэль Нойер қақпасына соңғы рет доп соққан "арсеналдық" Лоран Косьельни. "Бавария" өз қақпасына соңғы 275 минут бойы гол жібермеген.   

Төрешілер

"Камп Ноуда" бүгін 36 жасар Дамир Скомина бастаған алты словениялық қазы төрелік жасайды. Лайнсмендер (қапталдағы жалаушалы төрешілер) - Матей Жунич және Боян Ул. Резервтегі төреші - Примож Архар. Қақпа сызығын Славко Винчич және Роберто Понис бақылайды. Бас қазы осыған дейін ЧЛ жартылай финалына қатысып көрмепті. Өткен жылы ол ширек финалдық матчта "Челси" мен "Бенфика" кездесуіне төрелік жасаса, кейін ол Еуро-2012 жарысында үш бірдей матчқа қатысқан. Оның ішінде Германия мен Грекия арасындағы ширек финалдық матч та бар. Ал тамыз айында ол УЕФА Суперкубогына қатысты. 

Букмекерлер котировкалары

"Барселона" жеңісі: 1.78

Тең есеп: 4.05

"Бавария" жеңісі: 3.74

Командалардың болжанған құрамы

1

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gmbox.ru 

 

Б. Қосмағамбет