ЧЛ. Арьен Роббен: "Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін"

ЧЛ. Арьен Роббен: "Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін"

Чемпиондар Лигасы финалдық матчының қаһарманы "Баварияның" жартылай қорғаушысы, голландиялық Арьен Роббен дортмундтық "Боруссияны" жеңгеннен соң матчтан алған өз әсерімен бөлісті.

Кеше түнде Англияның "Уэмбли" стадионында аяқталған матчта "Бавария" 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 2012/13 жылғы маусымдағы УЕФА чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанған болатын. Роббен "Бавария" соққан екі голға да себепші болды. Бірінші боп ол ойынның 60-минутында Марио Манджукичтің аяғына допты салып берсе, екінші сәтте ойын аяқталарға екі минут қалғанда ол "Боруссия" қақпашысы Вайденфеллермен жеке дара шығып, айласын асырып кетті. Кездесу қорытындысы бойынша голландиялық ойыншы финалдық матчтың үздік ойыншысы атанды. 

"Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Өткен жылы да біз осы финалда сәтсіздікке ұшыраған едік. Бұл команда үшін өте қиынға соқты. Соңғы үш жылда біз екі рет финалдан сүріндік. Ал бүгінгі жеңісті оқиға міндетті түрде болуы тиіс еді. Мен шешуші допты соққан кезде, өзімнің бүкіл футболдық мансабым көз алдымнан өтіп жатты. Бұл еш нәрсемен салыстыруға келмейтін әсер.

Ешкімнің де әр жолы екінші орында қалып, сәтсіздікке ұшырағысы келмейді. Біз жеңіске әбден лайық болдық. Бұл жөнінде мен әрдайым армандап келдім. Бүгін бізді барлығы да құттықтап жатыр. Өткен жылғы сәтсіз маусымнан кейін командамен дұрыс жұмыс жасау керектігін білдік. Енді соның жемісін көріп отырмыз. Бірақ бізді алда әлі Германия Кубогын ұтып алу мәселесі күтіп тұр. Егер ол қолымыздан келіп жатса, бір маусымда үш кубокпен хет-трик жасауға мүмкіндік туып отыр",-деп келітіреді Роббен сөзін BBC.   

"Бавария" осымен чемпиондар Лигасының Кубогын бесінші мәрте ұтып алды. Ал клуб бапкері Юпп Хайнкес аталған жүлдені екі клубпен жеңіп алған тарихтағы төртінші адам атанып отыр. Бірінші жеңісті ол 1998 жылы мадридтік "Реал" клубын жаттықтырып тұрғанда тойлаған еді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sports.ru

Б. Қосмағамбет