Чемпиондар Лигасының Кубогі Лондонға келді

Чемпиондар Лигасының Кубогі Лондонға келді

УЕФА-ның президенті Мишель Платини футболдан ерлер және әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының ресми Кубогін осы доданың финалын қабылдайтын Лондон қаласының әкімшілігіне табыстады.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының финалы 23 мамыр күні «Челси» командасының алаңы "Стэмфорд Бриджда" өтеді. Ал ерлер арасындағы финалды атақты "Уэмбли" стадионы 25 мамыр күні қабылдайтын болады. Осыған орай, УЕФА басшысы әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының Кубогін Лондонның бас комиссары Кейт Хоуиге, ал ерлер арасындағы Чемпиондар Лигасының Кубогін Ұлыбританияның спорт министрі Хью Робертсонге табыстады.

Кубокті табыстау шарасы әйелдер арасындағы ЧЛ бас уәкілі Фэй Уайттың және де былтырғы жылы осы доданы жеңген «Челси» мен «Лион» командаларының ойыншыларының қатысуымен өтті.

Шараға Рафаэль Бенитес баптап жүрген «Челси» командасынан Джон Терри, Фрэнк Лэмпард, Петр Чех, Фернандо Торрес және Бранислав Иванович келсе, әйелдер арасында бұл бәсекенің былтырғы жылғы жеңімпаздары «Лион» клубының атынан Лотта Шелин келген.

«Чемпиондар Лигасының финалы – әлемдегі ең үлкен спорт мерекелерінің бірі. 2011 жылдан кейін бұл дода біздің қаламызға қайта оралғанына өте қуаныштымыз. Өткен 2012 жыл Лондонға көптеген спорт мерекелерін сыйлады. Дегенмен, бұл жылы да біздің қалада спорт шаралары жалғасын табатын болады. Соның ең ірісі деп мен Чемпиондар Лигасының финалын айтар едім. УЕФА мен оның басшысы Мишель Платиниге бізге артқан сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді», - дейді Ұлыбританияның спорт министрі Хью Робертсон.

«Бізді екі бірдей тамаша финал күтіп тұр. 150 жылдық тарихы бар Чемпиондар Лигасын қабылдау Лондон үшін де "Уэмбли" үшін де өте үлкен құрмет. Келер аптада "Уэмбли" алаңы 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сондықтан да биылғы финал ерекше болғалы тұр. Негізінен біздің бұл стадионымыз осы уақытқа дейін ЧЛ-ның финалын 6 рет қабылдаған. Жетінші рет өткелі жатқан финалды да біз жоғары деңгейде ұйымдастыратын боламыз», - дейді Ұлыбритания футбол ассоциациясының басшысы Дэвид Бернстейн.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының кубогін Мишель Платини мен «Лион» командасының капитаны Лотта Шелин табыстады. Ал ерлердің Кубогін Лондонның мэріне «Челсидің» капитаны Джон Терри берді.

Осы шараға байланысты ұйымдастырылған арнайы балл алдында екі Кубок те УЕФА-ның ресми уәкілдері Фэй Уайт пен Грэм Ле Сомен Лондон қаласын аралап шықты. Алдымен олар "Стэмфорд Бридж" стадионына барса, содан кейін биыл 150 жасқа толғалы жатқан Лондонның метросын аралады. Содан кейін Ұлыбританияның басты ерекшелігі болып саналатын екі этажды автобуспен қала көшелерін кезіп шықты.

Осы шарадан кейін енді Чемпиондар Лигасының екі Кубогі де 22 мамырға дейін Әлем елдерін шарлауға шығатын болады. Ал 22 мамыр күні Чемпиондар Лигасының фестивалі аясында Лондонға келетін болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: ru.uefa.com

Ю. НИКУЛЛИН