Футболдан Кәрі құрлықтың ең бәсі биік додасы болып саналатын Чемпиондар Лигасының ширек финалдық жеребесі тартылды.
Швейцарияның Ньон қаласында өткен жеребе тарту шарасын УЕФА-ның атқарушы директоры Джанни Инфантино жүргізді. Ал командалардың қарсыластарын мадридтік «Реалдың», «Ливерпульдің», Англия ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Стив Макманаман таңдап берді.
Сонымен, Чемпиондар Лигасының ширек финалы аясында мына командалар бір-біріне қарсы ойнайтын болады:
Малага (Испания) – Боруссия Дортмунд (Германия)
Реал Мадрид (Испания) – Галатасарай (Түркия)
ПСЖ (Франция) – Барселона (Испания)
Бавария Мюнхэн (Германия) - Ювентус (Италия)
Айта кетейік, жоғарыдағы тізімде бірінші тұрған командалар алғашқы ойындарын өз алаңдарында өткізетін болады. Сондай-ақ УЕФА-ның жарыстарды өткізуге жауапты директоры Джорджо Маркеттидің айтқанындай, биыл Чемпиондар Лигасының жартылай финалдық кездесулеріне жеке жеребе тартылатын болады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: .gazeta.ru