Чемпиондар Лигасы. Шиеленіске толы ширек финалдар

Чемпиондар Лигасы. Шиеленіске толы ширек финалдар

Бүгін қарт құрлықтағы ең бәсі биік саналатын Чемпиондар Лигасының ширек финалдық кездесулері өтеді. Осы тұста Массагет порталы додаға түсетін «Ювентус» пен «Бавария», «ПСЖ» мен «Барселонаның» Чемпиондар Лигасы аясында қалай өнер көрсеткенін және де қай команданың келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар екенін сараптап көрмек

«Бавария» VS «Ювентус»

 Ювентустың жеңісіне мамандар 55% сенімді

(Бұл командалар тарихта 6 рет жолыққан. «Ювентус» 3жеңіс, 1тең, 2 жеңіліспен  басым тұр.)

Ширек финалдағы күші тең командалар.Елдің ең асыға күтетіні де осы ойын болмақ. Бавария осы маусымда өте тамаша ойын көрсетіп жұргенімен, «Арсеналдан» 2:0 болып ұтылды. Алайда,ел чемпионатының мәселесін ертерек шешіп қойған бұл команда ЧЛ-да аянбай алысуға мүмкіндік бар.Алдымен өз алаңында,сосын қонаққа барады.

«Ювентус» құрамасының ойын мәнері тұрақты. Дегенмен,шабуылшылардың гол соғу мүмкіндігі төмендеу.Шабуылда көбінесе Пирлоға сүйенетіні анық. Пирлоны сәтті тұсай білсе, «Ювентустың» шабуылына тұсау болары да анық .Десе де, италиялықтардың қорғанысы керемет. Кәрі құрлықтың ең үздік бағана күзетші Буффон бастаған қорғаушылар биылғы ЧЛ-дағы ойындарда өз қақпаларына бар болғаны 4 гол ғана өткізді. Бұл команданы ширек финалдағы қорғанысы ең мықты команда десек қателеспейміз.Тас қамал қорғанысы мен санаулы босада сауатты шабуылдарына сүйеніп жеңіске жетуге мүмкіндіктері бар.

«ПСЖ» VS  «Барселона» 

«Барселонаның» жеңісіне мамандар 60% сенімділікпен қарайды

(Тарихта бұл командалар 3 рет кезіккен. 1 ұтыс, 1 тең, 1 жеңіліспен командалардың есептері тең)

Жалпы жеке ойыншылардың күшін салыстырғанда, «ПСЖ» мен «Барселона» клубтары тең дәрежелі. «ПСЖ» соңғы екі жылда Ибрагимович, Диего Силва, Лукас, Хавьер Пасторе сынды ойыншыларды сатып алып күшті, қарымды ұжым жасақтады. Алайда, Анчелотти осылардың бәрін іске қосса да, «Барсадан» аса алмай қалуы мүмкін. Оның үстіне 1/8 финалдың алғашқы ойынында қызыл қағазбен жазаланған Ибрагимович «Барселонамен» алғашқы ойынға қатыса алмайды. Бұл париждіктердің басты кемшілігі. Ал католониялық команданың сапында Педро осындай жазаға ұшыраған. Дегенмен, бұл Тито Виланованың командасы үшін айтарлықтай қиын мәселе емес. Себебі, оның орнын толтыруға Вилья, Тельио, Санчестердің қай-қайсысы да дайын. Айтпақшы, жарақатын емдеп болған Тито бапкер де командамен бірге Парижге барады. Бұл жұпта «Барса» алдымен түзде ,сосын үйде ойнайды. Бұл каталондықтар үшін өте қолайлы. Испания лигасында «Барселона» «Реалдан» 13 ұпай алда. «ПСЖ»-да өз елінің көшін бастап тұр. Дегенмен, Анчелотти шәкірттері «Лионнан» тек 4 ұпай ғана озып келеді. Демек, оларға ел чемпионаты үшін де бас қатыруға тура келеді. Бұл тұрғыда да жіліктің майлы басы каталондықтардың қолында. Соңғы кездері «Барса» «Миланнан» ұтылып, «Реалға» екі мәрте шамасы жетпегенде, көптеген жанкүйерлер ««Барсадан» бақ тайды» деген болатын. Алайда, «Миланмен» қарымта ойындағы керемет нәтиже каталондықтардың бабынан таймағанын танытты.

Керек-дерек: Бүгінде «ПСЖ» командасының намысын қорғап жүрген Златан Ибрагимович, Максвелл, Тиаго Мотта сынды ойыншылар бір кездері «Барселонада» доп тепкен. Ал бүгінгі «Барса» сапында «ПСЖ» командасымен байланысты бірде-бір ойыншы жоқ.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: diesel.elcat.kg, vk.com 

Ю. НИКУЛЛИН