Чемпиондар Лигасы. «Боруссия» соңғы минутта жартылай финал жолдамасына қол жеткізді

Чемпиондар Лигасы. «Боруссия» соңғы минутта жартылай финал жолдамасына қол жеткізді

Чемпиондар Лигасының ширек финалы аясында «Боруссия» мен «Малага» командалары арасындағы кездесу 3-2 есебімен аяқталды. Матчтағы жеңісті голды «Боруссия» командасы ойынның соңғы минутында соқты.

Кездесуді алаң иелері өте ширақ бастады. Дегенмен, Алғашқы 20-минутта Вилли Кабальеро қорғаған қақпаға бірде-бір тура соққы бағыттай алмады. Ал матчтың 25-минутында испандық команда өздерінің кездесудегі алғашқы мүмкіндігін голға айналдыра білді. Голдың авторы – Хоакин. Ол қақпадан 23 метр қашықтықта әріптесінен пас алып, Матс Хуммельсті жер жастандырып, Вайденфеллер қорғаған қақпаның саңылауын тапты.

Дортмундтықтар таразы басын араға 15 минут өткен соң теңестірді. Марко Ройс өкшесімен Левандовскийға допты жеткізді. Өз кезегінде польяк шабуылшысы допты ырқына тамаша бағындырып, есепті теңестірді.

Кездесудің екінші бөлігінде Юрген Клопп баптайтын футболшылар шабуылмен бастады. Сәт сайын Роберт Левандовский, Марко Ройс, Марио Гетце секілді шабуылшылар қарсылас қақпасын бірнеше мәрте нысағана алған болатын. Бірақ, Вилли бұл сәттерде өте жақсы ойын мәнерін көрсетіп, өз қақпасын аман сақтап отырды.

82-минутта футболдағы «сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида орын алғандай. Өйткені, толассыз шабуылдардан нәтиже шығара алмаған дортмундтықтарды «Малага» ойыншылары қарымта шабуылда ұстады. Алдымен орталық алаңда Иско Баптистаны паспен тапты. Бразилиялық шабуылшы қорғаушыдан тамаша сытылып шығып Роман Вайденфейлердің жанынан допты өткізіп жіберді. Ал қақпаға тура бара жатқан допты алаңға тыңнан шыққан Элизеу қақпаға шегедей қадады. Десе де, бұл ойыншы допты қақпаға соғып жатқан кезде ойыннан тыс қалған болатын. Мұны төрешілер көрмей қалған секілді.

Өз алаңдарында екі бірдей гол өткізіп алған «Боруссия» шабуылын үдете түсті. Дегенмен кездесудің негізгі уақытында есепті теңестіре алмады. Ал төреші қосқан төрт минутта дортмундтықтар айды аспанға бір-ақ шығарды. Алдымен  90+2 минутта Марко Ройс нәтижелі соққысымен көзге түсті. Ал араға бір минут салып, яғни 90+3 минутында Сантана «Боруссия Д» командасын Чемпиондар Лигасының жартылай финалына алып шықты.

Айтпақшы, Сантана гол соғып жатқан кезде де ойыннан тыс қалған болатын. Бұл жолы да төрешілер қосыны байқамай калды. Енді осы жағдайға байланыста «Малага» командасы УЕФА-ға шағым білдіретін шығар. Ал ол кезде «Боруссия Д» командасы жартылай финалға шыққанын тойлап та жататын шығар!

Боруссия Д - Малага - 3:2 

Голдар: Хоакин 25 (0:1). Левандовски 40 (1:1). Элизеу 82 (1:2). Сантана 90 (2:2). Ройс90 (3:2). 
БоруссияД: Вайденфеллер, Сантана, Пищек, Суботич, Шмельцер, Блащиковски (Шибер, 72), Ройс, Гётце, Гюндоган (Хуммельс, 86), Бендер (Шахин, 73), Левандовски
Малага: Кабальеро, Демичелис, Антуньеш, Гамес, Санчес, Тулалан, Камачо, Хоакин (Портильо Ф., 87), Дуда (Элизеу, 74), Иско, Баптиста (Санта Крус, 83)
Ескерту алғандар: Бендер, 10; Шмельцер, 60 - Гамес, 62; Тулалан, 88
Төреші: Томсон К.
09 сәуір. Сигнал Идуна Парк

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vk.com

Ю. НИКУЛЛИН