Лондондық "Челси" футбол клубы Фрэнк Лэмпардты өзінде қалдырып, ойыншыға жаңа келісімшарт ұсынбақ. Бұл туралы The Independent хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, 34 жасар ойыншыға жақын күндері клуб тарапынан жаңа бір жылдық келісімшарт ұсынылмақ. Демек, биылғы маусым аяқталысымен, Лэмпард пен "Челси" арасындағы жаңа келісімшарт іске қосылады.
Осыған дейін, "Челси" клуб ардагерімен келісімді ұзартқысы келмейтіндігі жөнінде ақпарат таратылған еді. Бірақ кейін кейбір баспасөздер алдағы маусымда клуб тізгінін ұстайтын Жозе Моуринью жартылай қорғаушыны команда қатарынан көргісі келетіндігін басшылыққа жеткізген болуы мүмкін дегенді айтты.
Естеріңізге салсақ, ақпан айында Лэмпардтың агенті оның "Челси" сапынан кететіндігін жариялаған еді.
Айта кетейік, Лэмпард "Челси" құрамында 12-маусымды өткізіп жатыр. Осы уақыт аралығында ол клубпен бірге 12 турнирде, оның ішінде үш рет Англия біріншілігінде және ЧЛ жеңіске жетті.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: footballtop.ru