- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Біздің боксшылар қандай...
Біздің боксшылар қандай кітап оқығанды жақсы көреді?
Sport.zakon.kz сайты бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының боксшыларының қандай кітап оқитынын сұрап көрді, – деп жазады baq.kz.
Жәнібек Әлімханұлы, Әлем, Азия ойындарының чемпионы:
– Мен қазақтың классиктерін оқығанды жақсы көремін. Әсіресе, Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын сүйіп оқимын. Оның ішінде маған батырлықты, қазақтың қайтпас рухын дәріптейтін кітаптар ұнайды. Қазір халқымыздың ер жүрек ұланы Батыр Баян туралы поэманы оқып жатырмын. Кезінде 200 жыл бойы қазақ халқының Жоңғармен жүргізген соғысына қатысып, ерекше көзге түскен. Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған.
Біреуге мынадай кітап оқы деп кеңес бере алмаймын. Қайта маған қандай кітап оқу керектігін өзгелер айтады.
Біржан Жақыпов, Әлем чемпионы:
– Тарихи кітаптарды оқимын. Өткенді білмей, болашақты болжау қиын. Сондықтан, қазақ халқының тарихын қызыға қараймын. Одан бөлек өзгелердің де тарихын білу керек деп ойлаймын. Мысалы, жер бетіндегі алғаш өмір сүрген адамдар жайлы. Авторлардан Ілияс Есенберлин ұнайды. Жастар өздерінің тарихын білу үшін «Абай жолын» оқуы керек.
Қазіргі әдебиеттен жақында ғана аустралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстың «Шантарам» кітабын оқыдым. Өте қатты ұнады. Содан кейін бірден Үндістанды, ондағы «Тәж Махалды» көргім келіп кетті.
Назым Кызайбай, Әлем чемпионы:
– Маған психология және эзотерика тақырыбындағы кітаптар ұнайды. Ронда Берннің "Құпия" қатты кітабы қатты әсер етті. Бұл кітаптан жеңіске жетуді, чемпиондыққа ұмтылуды үйрендім.
сурет: alaman.kz, kfb.kz, vesti.kz