Назарларыңызға бүгінгі Халықаралық Олимпиада күнінің аясында кезекті бір жазбамызды ұсынамыз. Дәлірек айтсақ, атлеттердің Олимпиада ойындары мен әлемдік додалар кезінде тіркеген әрі әлі күнге дейін мұрты бұзылмаған әлем рекордтары мен олардың иелерін таныстырмақпыз. Айта кетейік, төмендегі спортшылардың барлығы «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадан оза шапқандар.
1. Ярмила Кратохвилова (Yarmila Kratochvílová)
Аты аңызға айналған чех жеңіл атлетшісінің 1983 жылы Мюнхенде (Германия) өткен жазғы Олимпиада ойындарының 800 метр қашықтығында қойған әлемдік рекордын (1 минут 53,28 секунд) бүгінге дейін ешкім де бұза алмады. Сондай-ақ бұл нәтиже бұзылмаған тарихтағы ең көнесі де саналады.
2. Марита Кох (Marita Meier-Koch)
Қысқа және ұзақ спринтке маманданған Шығыс Германия елінің бұл қызы 1985 жылы Канберрада өткен Әлем кубогы бәсекесінің 400 метрлік қашықтығында 47,6 секунд нәтижесін тіркеп, кейінгі спортшыларға «алынбас қамал» салып берді.
3. Юрген Шульт (Jürgen Schult)
Неміс жеңіл атлеті Шульт адамзат тарихындағы дискті ең алыс қашықтыққа лақтырған спортшы ретінде белгілі. Оның 1986 жылдың 6 маусымында лақтырған снаряді 74,08 метр қашықтыққа дейін ұшқан болатын.
4. Юрий Седых
Балға лақтырушы, кеңес атлеті Юрий Седых (УРСР атынан өнер көрсетті) 1984 жылы Еуропа чемпионаты кезінде балғасын 86,74 метрге лақтырып, әлемдегі ең үздік нәтижені тіркеді. Сол 20 жылдан бері әлемдік рекордтың мұрты әлі бұзылмай келеді.
5. Наталья Лисовская (Седых)
Ядро лақтырудан Сеул Олимпиадасы мен әлемнің үш дүркін чемпионы Наталья Лисовская 1987 жылы Мәскеуде бүгінге дейін қайталанбай келе жатқан нәтижені тіркеп, көпшілікті таң қалдырды. Юрий мен Наталья Седыхтар - жеңіл атлетика тарихындағы мұрттары бұзылмай келе жатқан ең көне 10 әлем рекордының екеуіне ие жалғыз отбасы саналады.
6. Флоренс Гриффит-Джойнер (Florence Griffith-Joyner)
Америкалық желаяқ қыз Флоренс Гриффит-Джойнер 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында 100 метрлік қашықтықта 10,49 секунд нәтижесін тіркеп, әлемдегі ең жылдам әйел атанды.
7. Флоренс Гриффит сол жылғы Олимпиадада екінші мәрте әлемдік рекордты орнатты. Бұл жолы ол 200 метрде шашасына шаң жұқтырмай, әлемдегі ең үздік нәтижені (21,34 с) тіркеді. Осыдан кейін ол көп ұзамай спорттық ғұмырын аяқтағанымен де, Флоренс қойған екі бірдей әлемдік рекорд әлі де бұзылмай келеді.
8. Ең ескі әлемдік рекордтардың ішіне үш қарғып секіруден тіркелген украиналық Инесса Кравецтің нәтижесін айтсақ болады.
Ол 15,50 метрге қарғыған болатын. Әлем рекорды 1995 жылдың 10 тамызында Швецияның Гетеборгінде тіркеліп, әлі күнге дейін сақталып келеді.
9. Сергей Бубка
Ерлер арасында алты метрлік биіктікті тұңғыш рет бағындырған спортшының аты-жөні – Сергей Бубка. Оның жабық кешенде қойған әлемдік рекорды 1993-2014 жылдар аралығында, яғни 21 жыл өмір сүрді. Ал 1994 жылы Италияның Сестриера қаласында стадионда орнатқан әлем рекордын (6,14 метр) әлі күнге дейін ешкім қайталай алмай келеді.
10. Рено Лавиллени (Renaud Lavillenie)
2014 жылдың 15 ақпанында Сергей Бубка қойған рекордты араға 21 салып француз Рено Лавиллени бұзды. Ол украиналық спортшыдан 1 сантиметрге биік секірген болатын. Сонымен ендігі әлем рекорды 6,16 сантиметр болып ресми түрде тіркелді. Бұл оқиға Бубканың отаны Украинада орын алғандығын айта кетейік.
Бұл жазбамыздан айқын көрініп тұрғандай, әлем рекорды иегерлерінің арасында украиналықтар көш бастап тұр: 10 спортшының 3-еуі украиналық. Сондай-ақ Сергей Бубка жеке өзі 1984-1994 жылдар аралығында 35 рет әлемдік рекорд орнатты.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: dekatop.com