«Ли Нильсон» деген атпен танымал әйгілі британдық сайқымазақ Саймон Бродкин ФИФА президенті Йозеф Блаттердің басына жалған доллардан шашу шашты. Оқиға футбол ұйымының Цюрихте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында орын алды.
Саймон Бродкин Йозеф Блаттерге шашқан жалған долларын «2026 жылғы әлем чемпионаты Солтүстік Кореяда өту үшін берілген пара» деп атады. Нәтижесінде күзетшілер сайқымазақты мәжіліс залынан алып кетті. Ал Йозеф Блаттер болса «кешіріңіздер, мына жерді әлі ретке келтіру керек секілді» деп мәжіліс уақытын кейінге шегерді.
Британдық сайқымазақ әлем бұқаралық ақпарат құралдарының назарына алғаш рет ілігіп отырған жоқ. Ол 2014 жылы Англия құрамасы ойыншылары мінген ұшақпен Бразилиядағы әлем чемпионатына баруға тырысса, 2013 жылы «Манчестер Сити» ойыншыларымен бірге жаттығу жасауға талпынған еді.
Йозеф Блаттер Саймон Бродкин тәртіпсіздігінен кейін баспасөз мәслихатын қайта жалғастырды. Алдағы ФИФА-ның президент сайлауына қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Жаңа президент 2016 жылдың 26 ақпанында сайланатын болады.