Лозаннада Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) кезекті отырысы өтіп, 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енетін спорт түрлері талқыланды. Брейк-данс төртжылдықтың басты додасы қатарына қосылмақ.
ХОК-тың атқарушы комитеті Парижде өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасына брейк-данс, құзға шығу, скейтбординг және серфинг секілді спорт түрлерін қосуды мақұлдаған. Дегенмен соңғы шешім желтоқсан айында өтетін ұйымның кезекті отырысында қабылданатын болады.
Құзға шығу, скейтбординг және серфинг спортын жанкүйерлер келер жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындары кезінде тамашалай алады. Ал брейк-данс алғаш рет төртжылдықтың басты додасы бағдарламасына енбек.
Брейк-данс 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада бағдарламасына еніп, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталған еді.
Айта кетейік, break-dance немесе b-boying (ағыл. breakdance) - көше биі, хип-хоп мәдениетінің бір түрі. 60-шы жылдардың соңына қарай пайда болған. Жеке би ретінде 1973 жылы танылды.