"Боруссия" ойыншылары ЧЛ жеңіске жетсе 150 мың доллар сыйақы алатын болды

Дортмундтық "Боруссия" клубының футболшылары егер команда чемпиондар Лигасының финалында "Баварияны" ұтар болса, оларға клуб бюджетінен 150 мың доллар сыйақы берілетін болады. Бұл туралы немістің Bild баспасөзі хабарлап отыр.  

Сондай-ақ баспасөз бұл клуб тарихындағы ең үлкен сыйақы болып отырғанын айта кетті. Ал "Боруссия" бапкері Юрген Клопптың алуы мүмкін сыйақасы футболшыларға қарағанда көбірек. Егер Клопп баптаған клуб Кубокты иеленсе, ол қалтасын 300 мың еуроға жуық ақшамен толтырмақ. Жалпы биылғы чемпиондар Лигасы аясында дортмундтықтар 60 миллионнан аса қаржы жинап үлгерген. 

Айта кетейік, "Боруссия" мен "Бавария" арасында өтетін чемпиондар Лигасының финалдық матчы 25 мамыр күні Лондонның "Уэмбли" стадионында өтеді. Кездесуге итальяндық Никола Риццоли бастаған төрешілер бригадасы қазылық етеді.  

Естеріңізге салсақ, өткен жылы лондондық "Челси" клубының қожайыны ресейлік миллиардер Роман Абрамович өз клубы сол кездегі финалдық қарсыласы мюнхендік "Баварияны" жеңсе, экс-бапкер Роберто ди Маттеоға үлкен ақшалай сыйақы беретіндігін айтқан еді. Ал The Times баспасы жазғандай әңгіме 750 мың фунт стерлинг жөнінде болған (миллион доллардан аса). 

Қорытындысында "ақсүйектердің" жеңіске жеткені белгілі. Ал Де Маттео уәде етілген ақшаны алған алмағандығы жөнінде әлі күнге дейін ақпарат жоқ.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net