Гарет Бэйл мадридтік «Реалдың» Чемпиондар лигасындағы ең жылдам голын соқты. Валлилік ойыншы «Легияға» қарсы ойынның 55 секундында-ақ гол авторы атанды.
Осыған дейін «корольдік клубтың» Чемпиондар лигасындағы ең жылдам голы рекорды Карим Бенземаның еншісінде болатын. Ол 83 секундта гол соққан еді.
Варшавадағы ойында мадридтік ұжым жылдам есеп ашқанмен, жеңіске жете алмады. Нәтижесінде «Легия» мен «Реал» 3:3 есебімен тең тарқасты.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі төртінші ойындар қорытындысы бойынша «Арсенал», «ПСЖ», «Бавария» мен «Атлетико» плей-офф кезеңіне шыққаны туралы хабарлаған едік. Түнде өткен ойындар қорытындысы бойынша бұл қатарды дортмундтық «Боруссия» толықтырды.