Бүгінде американдық «Лос-Анджелес Гэлекси» клубында өнер көрсетіп жүрген атақты ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэм испандық «Малаганың» иесі атануы мүмкін.
Американдық БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Дэвид Бекхэм «Гэлекси» клубының президенті Алекси Лаласпен бірге клубтың 75 пайыз акциясын иемденуді көздеп отырған көрінеді. Айта кетсек, клубтың қазіргі қожайыны катарлық шейх Абдулла Аль-Тани.
Дерек көздеріне сенер болсақ, Бекхэм мен Лалас шейхке клуб акциясын Таяу Шығыста орналасқан бірнеше компанияның акциясына ауыстыру жайлы ұсыныс беруі де мүмкін дейді.
Естеріңізге сала кетсек, 2011/2012 маусымы «Малага» тарихындағы ең табысты жыл болған еді. Испандық команда өз чемпионатында төртінші орынға табан тіреп, Чемпиондар Лигасының іріктеу сынында өнер көрсету құқығына қол жеткізген болатын.
Алайда, маусым аяқталысымен, клуб иесі қаржыландыруды қысқарту жайында шешім қабылдады. Нәтижесінде Санти Касорла, Хосе Соломон Рондон, Руд ван Нистелрой, Йорис Матейсен, Энцо Мареска сынды клубтың үздік ойыншылары «Малагамен» қош айтыстуға мәжбүр болды.
Айта кетсек, өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар Лигасына жолдама алған «Малага» С тобында өнер көрсетеді. Ол топтық кезеңде «Милан», «Андерлехт» және питерлік «Зенит» командаларымен күш сынасатын болады.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: sport-express.ua