Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан "Аль-Айн" командасы сапындағы алғашқы голын соқты. Осылайша командасының БАӘ Президенті кубогының финалына шығуына көмектесті.
Жартылай финалда "Аль-Айн" сырт алаңда "Аль-Шарджа" командасын 3:2 есебімен ұтты. Ойынның 4 минутында Балаш Джуджак Бауыржанның командасын алға шығарды. 12 минутта алаң иелері сапынан Маркус Мелони есепті теңестірді.
32 минутта Бауыржан Исламхан өз шеберлігін танытты. Қазақстандық футболшының алыс қашықтықтан тепкен добын "Аль-Шарджа" командасының қақпашысы қайтара алған жоқ. 38 минутта Кайо Корреа есепті 3:1-ге жеткізді. Араға тағы 4 минут сала бір гол соғылды. Бұл жолы алаң иелері сапынан Лукас Кайо көзге түсті.
Екінші таймда командалар гол соққан жоқ. 3:2 есебі сақталып, "Аль-Айн" финалға шықты. Тамаша голымен талайды тамсандырған Бауыржан Исламхан ойындағы үздік футболшы атанды.