Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын елордалық "Барыс" клубында ең көп жалақы алатын ойыншы белгілі болды.
"Спорт-Экспресс" басылымының мәліметінше, "Барыстың" хоккейшісі Даррен Диц жылына 75 миллион рубль жалақы алады. Бұл шамамен 455 миллион теңгені құрайды. Демек Канададан келген хоккейшінің айлығы 38 миллион теңгенің ар жақ, бер жағы. Дегенмен мұндай табыспен Даррен Диц Құрлықтық хоккей лигасында көп жалақы алатындардың тізімінде бар болғаны 30-шы орынға жайғасқан. Қазақстандық команданың өзге ойыншылары тізімге енбеген.
Даррен Диц "Барыстың" сапында 2017 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Биыл Қазақстан азаматтығын алып, әлем чемпионатында өнер көрсетті. "Барысқа" дейін Канаданың "Гамильтон Булдогс", "Сент-Джонс Айскэпс", "Монреаль Канадиенс" және АҚШ-тың "Херши Беарс", "Техас Старз" командаларында ойнаған.
Сондай-ақ тізімде "Барыстың" бұрынғы хоккейшісі Найджел Доус екінші сатыға жайғасқан. Қазіргі уақытта "Автомобилистің" жейдесінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық ойыншы жылына 150 миллион рубль (шамамен 908 миллион теңге) табыс табады. Ал "Барыста" Найджел Доустың жалақысы 115 миллион рубльді құраған болатын. Көштің басын "Металлургтың" шабуылшысы Сергей Мозякин бастап тұр. Оның жылдық табысы 180 миллион рубльді құрайды екен.
"Чемпионат" басылымының ұсынған дерегі бойынша, "Барыс" жылына хоккейшілердің жалақысына 631 миллион рубль (шамамен 3 миллиард 800 миллион теңге) жұмсайды екен.