Каталониялық "Барселона" клубы кешегі "Ноу Камп" төрінде өткен ЧЛ 1/8 финалының жауапты матчында италиялық "Миланды" тас-талқан етіп ұтып, жарыстың ширек финалына жол тартты. Матч 4:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Кездесудегі алғашқы есепті ойынның 5-минутында әлемнің үздік футболшысы Лионель Месси ашты. Хавидан керемет пас алған ол, бірнеше қорғаушылар арасынан қақпаның тоғыздығын дәл көздей алды. 39-минутта қонақтар өздеріне берілген тамаша мүмкіндікті іске асыра алмады. Виктор Вальдеспен бетпе-бет қалған Мбайе Ньянгтың добы тек қақпа бағанасынан кері серпілді.
Қонақтардың пайдалана алмаған мүмкіндігін қарымта ұйымдастырылған шабуыл кезінде Лео дубль жасап өз пайдасына жаратты. Осылайша, Месси "Милан" қақпасын күзеткен Кристиан Аббьятиді екінші рет сан соқтырды.
Матчтың екінші жартысы да толықтай алаң иелерінің бақылауында болды. Өз ойындарын тапқан "Барселона" 55-минутта есепті 3:0 жеткізді. Голдың авторы - көптен бері көпшілік көзіне түсе алмай жүрген шабуылшы Давид Вилья. Қақпашымен жеке қалған ол, өз мүмкіндігін оңай іске асыра білді. Ал ойынға қосылған қосымша уақытта Жорди Альба матчтаға қорытынды есепті белгіледі.
Естеріңізге салсақ, Миланда өткен кездесу 2:0 болып, жергілікті клубтың пайдасына шешілген еді. Осылайша, қарымта ойында есе қайтарған "Барселона" екі матч қорытындысы бойынша чемпиондар Лигасының ширек финалына жолдама алды.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/kvWxGcskahk","width":"450","height":"314"});
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: championat.com