Өткен аптада Каталонияның «Барселона» клубы өзінің белді футболшыларының бірі – Серхио Бускетспен келісімшартын 2019 жылға дейін созып, бұл футболшының жалақысын 15 миллион еуроға дейін өсірді, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Жаңа шартнама бойынша, «Испанияның халық әртісі» атанып кеткен Бускетс 15 миллион еуро жалақы алады. Бұл жерде футболшының салығы есептеліп отырған жоқ. Ал, салықпен бірге есептейтін болсақ, оның бір жылдық жалақысы 7,25 миллион еуроға тең келеді. Байқап отырсаңыздар, үкіметке салық үшін футболшы жалақысының тең жартысын (Испаниядағы салық мөлшері табыстың 52 пайызына тең келеді) береді. Осы орайда, «Алаш айнасы» интернет-порталының тілшісі «Барселона» клубының өзге футболшыларының жалақыларын есептеп көрген еді.
«Барселона» сапындағы ең көп жалақы алатын футболшылардың көшін Лионель Месси бастап тұр. «Алтын допты» төрт мәрте жеңіп алған шабуылшы негізі жылына 41,5 миллион еуро алады екен. Бірақ, оның жартысы салыққа кетеді. Сондықтан да Мессидің бір жылдық таза жалақысы – 20 миллион еуро.
Каталонияның ұжымы сапында ең көп айлық алатын футболшылар тізімінде екінші орында Неймар орналасқан. Бразилиялық шабулшының бір жылдық жалақысы 14 миллион болса, үшінші орында тұрған уругвайлық шабулшы – Луис Суарестің бір жылдағы жалпы табысы – 10 миллион еуроға тең келеді.
«Барселона» клубы қатарындағы ең көп жалақы алатын футболшылар тізімінің төртінші сатысында үш бірдей футболшы тұр. Олар – Серхио Бускетс, Хави Эрнандес және Андреас Иньеста. Бұл үш футболшының бір жылдық жалақылары – 7,5 миллион еуро болса, хорватиялық жартылай қорғаушы – Иван Ракитичтің жалақысы – 7 миллион еуро.
«Барселона» қорғаушылары арасында ең көп жалақыны Дани Авлес алады. Оның бір жылдық табысы 6 миллион еуро. Ал, Жерар Пикенің жалақысы – 5,8 миллион болса, Хавьер Маскерано жылына 5,5 миллион еуро алады екен.
Испан біріншілігінде команданың бірінші қақпашысы болып жүрген Клаудио Браво мен жазда «Арсенал» сапынан келіп, бірақ әлі де болса «Барселона» үшін бірде-бір кездесу өткізбеген Томас Фермален 3,5 миллион табыс табады.
Жереми Матье, Адриану, Педро, Марк-Андре тер Штеген және Жорди Альба сынды футболшылар 3,2 миллион табыс тапса, «Барселонаның» өз шәкірттері болып саналатын Марк Бартра, Мартин Монтойя, Рафинья, Серхи Роберто және Хорди Масип 1-1,5 миллион еуродай жалақы алады.
Автор: Уалихан Қосанбай
Сурет: newsbarca.com
Оқи отырыңыз:
«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?
«Реалдың» Ди Марияны сатуының бір себебі айтылды
«Бавария» бапкері жол апатына ұшырады