- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Бадминтон қандай ойын?...
Бадминтон қандай ойын?
Әлемге таралған белгілі бірнеше спорт ойындары бар. Белгісізі қаншама...Кең таралған ойындардың бірі – бадминтон. Бұл ерте кезден бері халық арасына кең тараған ойындардың бірі. Әуелде бұл ойын француздардың "ұшпа" деген мағынаны білдіретін "волан" сөзімен аталған.
О баста шығыс елдерінде пайда болған. Ал оны бір ағылшын герцогы Үндістанға барып қайтқан сапарында Европаға алып келген. Герцогтың иелігі Бадминтон қаласына таяу жерде болған. Сол себепті де ойын бадминтон аталып кеткен.
Бадминтон теннис ойынына ұқсас болып келеді. Бұл да тегіс, жазық алаңда ойналады. Бадминтон ракеткасы теннистікінен 2-3 есе жеңіл болады. Қарсыластар арасын 155 см биіктікке керілген тор бөліп тұрады. Қос-қостан ойналатын болса, алаң 13,4 х 6,1 м, ал бір ойыншыдан болғанда 13,4 х 5,2 м болуға тиіс.
Ойнаған кезде қарсыластар воланды бір-біріне әуелете соғады да, жерге түсірмеуге тырысады. Бір қарағанда воллейбол ойынына ұқсас. Ойын 3 не 5 партиядан тұрады, есеп 15 ұпай алғанға дейін созылады. Әйелдер мен балалар 11 ұпайға жеткенге дейін ойнайды.
Бұрынғы кезде волан орнына әуеде қалқу үшін қаздың 16 қауырсыны қадалған тығын доп пайдаланылған. Қазір бадминтон воланын пластмассадан өте кішкентай етіп себетше түрінде жасайды.
Жақсы ойыншы воланды қайыра соққанда, ол бірде жайлап қалқи ұшса, енді бірде сенің күтпеген, ойламаған жағыңнан топ ете түседі. Бұл ойын шапшаңдықты қажет етеді. Ол сондықтан да қызу әрі тез ойналады. Бадминтонды кез келген алаңқайда, көгалда, жағажайда ойнауға болады.
Ж. Жұмағұлов