- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Азия ойындарында жүлде...
Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады?
Индонезиядағы XVIII жазғы Азия ойындарында жүлделі орыннан көрініп, ел абыройын асырған спортшылар мемлекет тарапынан берілетін сыйақыдан құр алақан қалмайды.
Бүгін XVIII жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетеді. Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өткен жарыста қазақ спортшылары 15 алтын 17 күміс 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 9-орын алды.
Азиада және өзге жарыстар үшін сыйақылар ҚР 2014 жылдың 19 желтоқсанындағы №1435 жарлығымен реттеледі. Ол бойынша, Азия ойындарындағы алтын алған спортшы 10 000 доллар алады. Күміс жүлдегер - 5 000, ал қола медаль алған спортшы 3 000 АҚШ долларын иеленеді.
Командалық ойындар мен эстафетаға қатысушыларына да осындай көлемде сыйақы жеке-жеке төленеді. Яғни, су добынан Қазақстан құрамасының 13 ойыншысы бірінші орын үшін әрқайсысы 10 мың доллардан алады. Жалпы алғанда Азия ойындарында қазақстандық спортшыларға 767 мың доллар (276 миллион 480 мың теңге) сыйақы беріледі.
Ал жаттықтырушылар Универсиада мен Олимпиадаға қарағанда Азиада үшін спортшылардан азырақ сыйақы алады. Алтын жүлде үшін жаттықтырушы - 5 000 доллар, күміске - 3 000, ал қола үшін - 2 000 доллар сыйақы табысталады. Одан бөлек бұл сыйақы бірінші және жеке бапкер арасында бөлінеді.
Жалпы алғанда биылғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен жаттықтырушыларға мемлекет 1 миллион 210 мың доллар немесе 440 миллион 185 мың теңге жұмсайды. Сыйақы республикалық бюджеттен төленеді.
О. Сансызбай