Футболдан Австралияда өтіп жатқан Азия кубогында Кувейт, Палестина және Иордания ұлттық құрамаларының ойыншылары киім ауыстыру бөлмесінде темегі шеккен. Осыған орай, бүгін Азия футбол федерациясы үш құрамаға айыппұл салды.
Спортшыларға тән емес қылық танытқан үш құраманың темекі шеккен әр ойыншысына 1000 АҚШ доллары көлемінде айыппұл белгілеген. Арасында бірнеше темекі данасын шегіп тауысқан ойыншылар да бар көрінеді. Олар айыппұлды екі есе төлейтін болады.
Айта кетейік, Кувейт, Палестина және Иордания құрамалары Азия кубогында өз тобынан шыға алған жоқ.
Бүгін Австралиядағы доданың жартылай финалындағы алғашқы ойын өтті. Оңтүстік Корея құрамасы Иракты екі доп басымдығымен жеңіп, Азия кубогының финалына жолдама алды. Ертең Австралия мен БАӘ құрамалары екінші жолдамаға таласатын болады.
Азия кубогы 4 жылда бір рет өтеді. Соңғы рет бұл байрақты бәсекені Катарда Жапония құрамасы жеңіп алған болатын.
Сурет: prosoccertalk.nbcsports.com