- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Аустриямен айқас алдында...
Аустриямен айқас алдында
Бүгін футболсүйер «Астана-Арена» алаңын бетке алады. Доп додасының майданына Қазақстан және Аустрия құрамалары шығады. Ұлттық құраманың алдағы кездесуге қалай дайындалғанын, жігіттердің ойын алдындағы жағдайы туралы құраманың бас бапкері Мирослав Беранек бүгін БАҚ өкілдерімен болған кездесуде баян етті.
«Біз Талғардағы оқу-жаттығу базасында дайындығымызды пысықтадық. Алаңға жарақат алған Александр Мокин және Генрих Шмидтгаль шыға алмайды. Сонымен қатар жекелей жаттығып жүрген Павел Шабалинді де алаңнан көре алмауларыңыз мүмкін», - деп бастады Мирослав Беранек. Қарсыластарымыз өте қарымды. Іріктеу аясында Аустрия Германиямен бір ғана кездесу өткізді. Ол команданы бүгінде жаңа бапкер дайындайды. Құрамы да жаңартылған. Өткен кездесулерді сараптап айтатын болсам, бүгінгі Аустрия құрамасы бізден бір бас жоғары.
Бас бапкердің айтуынша, біздің құрама жігіттерінің деңгейі біршама өскен. Бапкерлер қосыны қателікпен жұмысқа мұқият ден қойыпты. Сонымен қатар Беранек мырза Шмидтгальдің жарақаты құрама ойынына әсер ететінін де баса айтты. Бірақ Генрихтің орнына алаңғы кім шығатынын құпия сақтады.
Ал өз кезегінде сөз алған Қазақстан құрамасының капитаны Қайрат Нұрдәулетов қарсыластарына сыйластықпен қарайтынын айтты.
"Әдеттегі кесте бойынша дайындық жүргіздік. Қарсыластарымызды да мұқият зерттедік. Аустрияның Германия және Түркия құрамаларына қарсы өткізген кездесулерін қарадық. Қарсыласымыз өте тәжірибелі. Қорғаныста да шабуылда да мықты орындаушылары бар. Бірақ біздің жігіттер де 100% дайын. Алдағы матчты тағатсыздана күтудеміз. Өткен кездесулерде біз жекелеген сәттерде қарсыластан жеңіліп қалып жаттық. Бұл жолы електеу аясындағы алғашқы ұпайға қол жеткізуіміз керек", - дейді ұлттық құраманың капитаны.
Айта кетейік, 2014 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу аясындағы Қазақстан-Аустрия кездесуі 12 қазан күні «Астана-Арена» стадионында, сағат 22.00-де басталады.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz
У. ҚОСАНБАЙ