Атырау қаласында ата-ана дүние есігін ашқан ұлына Зинеден Зидан деп ат қойды. Бұл туралы vesti.kz сайтының қазақ бөлімі хабарлады.
27 ақпанда дүниеге келген ұлдың есімі әйгілі француз футболшысы, бүгінде Мадридтің "Реал" командасын жаттықтырып жүрген Зинедин Зидан құрметіне қойылған. Баланың туыстары француз ойыншысының жанкүйері болғандықтан, балаға осындай есім берілгенін айтқан.
Баланың туу туралы куәлігінің суреті таяуда әлеуметтік желілерде пайда болды. АХАЖ бөліміндегілер де бұл мәліметті растады. "Шын мәнінде ақпанда осындай бала дүниеге келді. Есімі - Зидан, тегі - Зинеден. Бұл қазақтың есімі, тіпті бұған назар да аудармаппыз", - деп хабарлады олар.
Сонымен қатар, бесік тойда түсірілген суреттер жарияланды.