Чемпиондар лигасының үшінші турында елордалық «Астана» сырт алаңда мадридтік «Атлетикоға» қарсы қосалқы құраммен ойнады. Команданың бұл ойын жүйесіне байланысты жанкүйерлер мен спорт сарапшылары пікірлері қақ жарылды. Бірі – қолдаса, бірі – қолдамады, енді біреулер мұны нағыз масқара деп бағалады.
«Астана» «Қайратқа» қарсы ойынды маңызды санап, алты бірдей ойыншысын Мадридке апармағаны о бастан айтылды. Қосалқы құраммен барған клуб «Висенте Кальдеронда» 4:0 есебімен ұтылды. Ал Астанада қалып дайындығын шыңдаған футболшылар кеше Алматыда өткен маңызды ойында барын салды. Бірінші тайм соңында Танат Нөсербаевтың соққан голы қонақтарға жеңіс сыйлады. Ойын соңынан клубтың бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов Мадридке алты бірдей ойыншыны апармағанына байланысты түсінік бере кетті.
- Мен мұны түсіндіруге міндетті емеспін, бірақ түсіндіре кетейін. Біз Мадридке негізі құраммен барсақ та, ұпай еншілеп қайтуымыз екіталай болатын. Себебі, қарсыласымыз - «Атлетико». Біз Еуропада бірнеше сәтті ойындар өткіздік. Алайда біз «Атлетикоға» қарсы атой салатын «Реалдың» деңгейінде емеспіз ғой.
Мен негізгі құрамның алты ойыншысын Мадридке алып барған жоқпын. Біріншіден, бұл ойын олардың көңіл-күйіне әсер етеді, екіншіден 4 сағат уақыт айырмашылығы футболшыларға айтарлықтай қиындықтар туғызады. Біз ары-бері жүргенде «Қайратқа» қарсы маңызды ойынды естен шығарып аламыз деп ойладық. Егер бұл ойында жеңілген болсақ, чемпиондық атақтан біржола үміт үзген болар едік. Сондықтан осындай қадамға бардық. Клубтың өз даму жоспары бар. Маған ешкім футбол туралы үйретпейді. Мен және менің командам – қазақ футболының абыройы үшін жұмыс жасайды. Сондықтан да маған ешқандай ертегі айтудың керегі жоқ.
«Атлетикоға» қарсы ойында ұтылатынымыз анық еді. Қазір «Қайратты» жеңіп, жағдайымыз бен жұрттың айтар ойын жақсарттық. Ал жеңілген болсақ, бәрі керісінше болып, жерден алып, жерге салған болар еді.
Бізге «Бенфикаға» қарсы ойынның жолы ауыр болды. Келе сала премьер-лигада ұпай жоғалттық. Менің шәкірттерім үш күн сайын футбол ойнауға физикалық тұрғыдан дайын болғанмен, көңіл-күйлері қалыпты болмайтыны рас. Мадридке барған ойыншылар да осал саналмайды. Олар да клуб сапында жалақы алады. Менің командам 11 ойыншыдан ғана құралмайды, - деді Станимир Стойлов.
Айта кетейік, кеше өткен «Қайрат» пен «Астана» ойынын Орталық стадионнан 16 000 жанкүйер тамашалады. Чемпиондық атаққа талас алдағы екі турда барынша қызатын болады.