Ертең АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында арнайы Олимпиада ойындары басталады. Жарысқа еліміздің атынан 68 спортшы қатысады. Осы орайда бұл доданың шығу тарихы мен ерекшелігі туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.
Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындары – мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық дода. Джон Кеннедидің қарындасы Юнис Кеннеди Шрайвердің ұйымдастыруымен тұңғыш рет 1968 жылы өтті. Аталған іс-шараның тұжырымдамасы 1960 жылдардың басында Шрайвер мүмкіндігі шектеулі адамдарға күндізгі лагерьді құрған кезде туындаған. Осы тұжырымдаманың жемісінің арқасында қазір бүкіл әлем бойынша 170 елдің 4000000-ға жуық спортшысы спорттық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алған. 1988 жылы сол кездегі Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті А. Самаранч «СпешиалОлимпиксті» мойындау туралы мәмілеге қол қойды. Нәтижесінде Дүниежүзілік Олимпиада ойындарының қатарына қосылды.
Олимпиада ойындары секілді арнайы Олимпиада ойындары да қысқы және жазғы ойындар болып кезектесіп, екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Соңғы он жыл ішінде Дублин (Ирландия, 2003), Нагано (Жапония, 2005), Шанхай (Қытай, 2007), Бойсе (АҚШ Айдахо штаты, 2009), Афина (Грекия, 2011) және ПхёнЧханг (Оңтүстік Корея, 2013) қалаларында өтті.
Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша ақыл-ой қабілеттері шектеулі 200 миллионға жуық адам өмір сүреді. Олар әрбір қоғам мен мәдениетте халық ішіндегі ең осал топ болып табылады. Арнайы Олимпиада халықтың осы тобына салауатты, қуанышты өмір сүріп, батылдық танытып, өмірге сеніммен қарауға, бүкіл әлем бойынша қоғамның толыққанды мүшесіне айналып, қоғаммен тең дәрежеде араласуға мүмкіндік береді.