Англия чемпионаты. Коло Туре "Ливерпульге" ауысады

"Ливерпуль" футбол клубы "Манчестер Ситидің" қорғаушысы Коло Туремен келісім жүргізуде. 

Ивуарлық ойыншының міндеті "қызылдар" қатарында Джейми Каррагерден кейін босап қалған орталық қорғанысты жабу. 32 жасар Коло Туре мерсисайдтықтарға тегін берілетін болады. Оған себеп аталған футболшымен "қалалықтар" арасындағы 4 жылдық келісім-шарт мерзімі осы жылдың маусым айында аяқталатын болады. Яғни сол сәттен бастап ойыншы бос агентке айналмақ. 

The Guardian хабарлағандай, Кот-д’Ивуар ұлттық құрамасының қорғаушысы ағылшын премьер-лигасында қалуды өзі қалаған екен. Оның ішінде ол тек елдің солтүстік-батысындағы клубқа ауысуды көздеген. Оған ойыншының балалары осы ауданда білім алып жатырғандығы себеп болса керек. Осылайша Туре үшін Брендан Роджерстің ұсынысы ең қолайлы және уақытында жасалған келісім болып отыр. 

Қазіргі кезде Коло Туре "Мачестер Ситимен" бірге АҚШ жерінде коммерциялық турнемен жүр. Англияға келісімен ол бірден Ливерпульге аттанып, келісім алдындағы медициналық тексеруден өтпекші.

"Ливерпульдің" бас бапкері Брендан Роджерс болса осы жазда Каррагер кеткеннен кейін құлдырап қалған қорғаныспен мықтап жұмыс жасамақ. Оның үстіне қорғаушылар Мартин Шкртел мен Себастьян Коатестің ойыны бапкер көңілін көншітпейді екен. Сондықтан клуб жаз айында біз айтқан келісім-шарттан басқа жаңа ойыншыларды сатып алуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде үміткерлер ретінде "шалькелік" Кириакос Пападопулос, "Аякстан" Тоби Альдерверельд және "Лилльден" Люка Динь сияқты футболшылардың аттары аталуда. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sports.ru