"Порту" клубының тәжірибелі қақпашысы Икер Касильяс жылдың үздік футболшысына берілетін "Алтын доп" жүлдесіне өзгерістер енгізуді ұсынды.
- Меніңше, ван Дейк өткен маусымның үздік қорғаушысы болуға лайық. "Алтын допқа" қатысты нақты бірдеңе деу қиын. Кім лайық? Олар әрбір амплуаға бөлек марапат дайындаулары қажет. Қақпашы, қорғаушы, жартылай қорғаушы және шабуылшы деген секілді, деп жазды Икер Касильяс Twitter-дегі парақшасында.
Биыл "Алтын допқа" үміткерлердің тізімі әлі жарияланған жоқ. Дегенмен шетелдік БАҚ өкілдері үздік атануға Вирджил ван Дейк ("Ливерпуль") пен Лионель Мессидің ("Барселона") мүмкіндігі көп деп жазуда. Сондай-ақ бұл тізімге Криштиану Роналду ("Ливерпуль"), Мохаммед Салах ("Ливерпуль") және Садьо Мане ("Ливерпуль") кірді.
2018 жылғы "Алтын допты" Хорватия құрамасы мен мадридтік "Реалдың" жартылай қорғаушысы Лука Модрич иеленді. Ең көп дауысқа ие болған Лука Модрич өз мансабында алғаш рет бұл жетістік шыңын бағындырды.
Тәжірибелі қақпашы Икер Касильястың айтқан сөзінің жаны бар. Өйткені осы уақытқа дейін "Алтын допты" жеңгендердің басым бөлігі шабуыл өтінде ойнайтын футболшылар. Нақтырақ айтқанда, 1956 жылдан бері табысталатын марапатты 29 мәрте шабуылшылар жеңіп алған. Жылдың үздігі атанған жартылай қорғаушылар саны - 12. Ал қорғаныс шебінде өнер көрсет үш футболшы ғана "Алтын допты" иеленген екен. Қақпашыдан жалғыз Лев Яшин ғана.
Оған қоса 2008 жылдан бері "Алтын допты" Месси, не Роналду еншілеп келген еді. Өткен жылы бұл атақ араға 10 жыл сала өзге ойыншыға бұйырды. "Алтын доп" тарихындағы барлық жеңімпаздарды мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
"Алтын допты" алғашқы жылдары Еуропа алаңдарында доп тебетін ойыншылар иеленетін еді. Ал жеңімпазды француздың "France Football" басылымында спорт тілшілері арасында дауыс беру арқылы анықталып келді. 1956 жылы бастауын алған марапаттың ережесіне тек 1995 жылы өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде Еуропа чемпионаттарында өнер көрсететін өзге құрлықтың да танымал футболшылары бұл марапатты иеленуге мүмкіндік алды.
Тағы бір маңызды өзгеріс 2007 жылы болды. Жаңа ережеге сәйкес, марапатты әлемнің кез келген үздік ойыншысы иеленуіне жол ашылды. Ал 2010 жылы "Алтын допты" табыстайтын "France Football" басылымы мен ФИФА бірігіп, "ФИФА Алтын добы" атты жаңа марапатты ұсынды. Алайда екі ұйымның бірлескен жұмысы ұзаққа бармай, 2016 жылы арадағы келісім бұзылды. Сол уақыттан бері "France Football" басылымы қайтадан "Алтын допты" табыстай бастады.
Егер соңғы өзгеріске дейін үздік ойыншыны жанкүйерлер, ұлттық құрамалардың бас бапкерлері мен капитандары және тілшілер дауыс беру арқылы анықтаған болса, 2016 жылдан бері "France Football" басылымы тек журналистердің пікіріне құлақ асады. Тілшілерге 30 үміткерден тұратын тізім ұсынылады.