Жыл сайын маусымның ең үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» иегерін Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) анықтамайтын болды. Француздың «France Football» басылымы серіктестікті тоқтатып, өз жобаларын қайта қолдарына алды.
Қос тарап әріптестікті жалғастыру жөніндегі келісімге келе алмаған. Нәтижесінде биылдан бастап үздік ойыншыны анықтау жаңа жүйеде өтеді. Жаңа жүйе болғанда, бұрынғы «France Football» басылымының ережесі бойынша анықталады. Яғни, «Алтын доп» иегерін анықтауға тек тілшілер ғана қатысатын болады. ФИФА бұл марапатты табыстаған тұста тілшілермен қатар, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы мен капитандары да дауыс беруге қатысқан болатын. Сондай-ақ, биылдан бастап «Алтын допқа» үміткерлер саны 23-тен 30-ға артып отыр.
«ФИФА-ның Алтын добы» –.маусымның ең үздік футболшысына берілетін жүлде болатын. Марапат 2010 жылы «France Football» нұсқасы бойынша анықталатын «Алтын доп» және «ФИФА-ның жыл ойыншысы» атты екі жүлденің бірігуі нәтижесінде пайда болған еді. Араға 6 жыл сала қос тарап арасындағы келісімнің жібі үзілді.
Айта кетейік, «France Football» – француздың 1946 жылдан бері сейсенбі және жұма күндері шығып келе жатқан футбол тақырыбындағы журналы. Басылым маусымның үздік ойыншысын 1956 жылдан бері анықтап келеді.