- Негізгі бет
- Бұл қызық
- "Алтын доп" алған...
"Алтын доп" алған жалғыз қақпашы
Футбол тарихында жекелей ойыншыға берілетін "Алтын допқа" үміткерлер қатарынан алты қақпашы ғана көрінген. Тек оның біреуіне ғана бұл атақ бұйырған. Ол - Лев Яшин.
Заманында "футбол королі" Пеленің өзі "Лев Яшинге гол соқсам – бүкіл арманымның орындалғаны" деген. Тіпті сол бір кезең футболшылары арасында "Яшинге гол соққан футболшы еш уайымсыз зейнеткерлікке шыға беруіне болады" деген әзіл де тараған екен. Осыдан-ақ, КСРО-дан шыққан бұл қақпашының қарымы қандай болғанын байқай берсеңіздер болады.
Лев Яшинге "Алтын допты" алу оңай болған жоқ. 1962 жылы Чилиде өткен әлем чемпионатында Кеңес Одағы құрамасының сәтсіздігін осы ойыншы есімімен байланыстырды. Оның атына айтылған сындардың санында да шек болмады. Нәтижесінде ұлттық құрамада ойнаудан қол үзіп қалды. Бірақ бұл ойыншының Англия футбол қауымдастығының жүзжылдығына арналған мәртебелі жолдастық кездесуде көрсеткен өнері бар абыройын қайтарғандай болды. Ол Англия құрамасына қарсы ойнайтын әлем құрамасы сапына шақыртылған еді.
1963 жылдың 23-қазанында әйгілі "Уэмбли" стадионында өткен ойында Лев Яшин өзін шебер қақпашы ретінде танытып, талайлардың таңдайын қақтырады. Десе де әлем құрамасы 2:1 есебімен "Тұманды Альбион" командасына есе жіберді. Бірақ ол екі гол Лев Яшин орнына шыққан Милутин Шошкич қақпасына соғылған. Ал қақпашының керемет өнері ағылшын жанкүйерлері арасында "аңызға" айналып шыға келді.
Осы ойыннан кейін Лев Яшин КСРО құрамасына қайта шақырту алды. Сол жылы Еуропаның ең үздік ойыншысы атанып, "Алтын доп" иегері атанды. 1964 жылғы Еуропа чемпионатында, араға 2 жыл сала 1966 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында КСРО құрамында сәтті өнер көрсете білді. 22 жыл Мәскеудің "Динамо" командасында қақпашы болды.
1990 жылдың 18 наурызында Лев Яшинге "Социалистік Еңбек Ері" атағы берілді. Араға екі күн сала ХХ ғасырдың даңқты қақпашысы дүниеден озды.
Лев Яшиннен кейін Дино Дзофф, Иво Виктор, Оливер Кан, Джанлуджи Буффон, Мануэль Нойер сынды қақпашылар "Алтын доптан" үміткер атанғанмен, оны иелене алған жоқ.
Биылғы "Алтын допқа" 30 үміткер қатарында Алисон ("Ливерпуль", Бразилия), Тибо Куртуа ("Реал", Бельгия), Уго Льорис ("Тоттенхэм", Франция), Ян Облак ("Атлетико", Словения) бар. Аталған қақпашылардың үздік үштіктен көрініп, негізгі үміткер саналуы қиын.
"Жақсы қақпашы – жарты команда" демекші, футбол ойынында қақпашылардың да атқаратын рөлі айрықша. Бірақ қақпашылардың жекелей ойыншыға берілетін атаққа қол созуы да оңай емес. Сондықтан да футбол тарихында "Алтын доптан" үміткер қақпашылардың саны саусақпен санарлық қана.
О. Сансызбай