Ауыр атлетикадан Алматыда мәресіне жеткен әлем чемпионаты жоғарғы деңгейде өтуімен ғана есте қалмай, 15 әлемдік рекордтың мұрты бұзылды. Назарларыңызға өз есімдерін жазған спортшылардың жетістігін ұсынамыз.
Алғаш болып 81-ші әлем чемпионатының рекордын Вьетнам елінің спортшысы Ким Туан Тхать орнатты. Ерлер арасындағы 56 келіге дейінгі салмақтағы зілтемірші жұлқа көтеруде 135 келіні еңсеріп, жасөспірімдер арасындағы өз рекордын жаңартты. Қос жаттығу қорытындысы бойынша 296 келіні бағындырып, тағы бір рекордтың мұртын бұзды.
Ересектер арасында алғашқы рекордты отандасымыз Зульфия Чиншанло орнатты. Ол серпе көтеру сайысында алдымен 133 келі, кейін 134 келіні бағындырып, өзі Лондон төрінде 132 келімен орнатқан әлем рекордын екі қайтара жаңартып, әлем чемпионы атанды.
Қытайлық зілтемірші Ляо Хуэй де екі бірдей өз рекордын жаңартты. Ол әуелі жұлқа көтеруде 166 келіні еңсеріп, бірінші рекордын қойса, қос жаттығу қорытындысы бойынша 359 келімен екінші рекордты орнатты.
Ерлер арасында 105 келіге дейінгі салмақта армениялық Симон Мартиросян жасөспірімдер арасында жұлқа көтеруде рекорд орнатты. Ол үшінші мүмкіндігінде 183 келіні бағындырып, осыған дейінгі өз еншісіндегі рекордты бір келіге арттырды. Одан өзге серпе көтеру мен қоссайыс қорытындысындағы рекорд та осы 17 жастағы армениялық спортшының еншісінде.
Ерлер арасында 105 келіге дейінгі салмақтағы тартыс нағыз рекорд жаңартумен есте қалды. Олар серпе көтеруде үш рет әлем рекордын жаңартты. Алдымен, өткен жылы Польшада өткен әлем чемпионатында топ жарған Руслан Нурудинов 239 келіні көтеріп рекордты бір жаңартса, оның артынша ресейлік атлет Давид Бенджанян 240 келіні бағындырып, бұған дейін өзіне тиесілі (оның бұған дейінгі рекорды 238 келі еді) рекордқа қайта түзету енгізді. Екінші мүмкіндігінде отандасымыз Илья Ильин 239 келіні көтере алмағанмен, соңғы мүмкіндігінде 242 келіні бағындырып, серпе көтеруде әлемдік рекордты жаңартып қана қоймай, төрт дүркін әлем чемпионы атанды.
Әлем чемпионатындағы соңғы рекордты ресейлік зілтемірші Татьяна Каширина қойды Ол бес әлем рекордын жаңартты. Алдымен жұлқа көтеруде 153 және 155 келіні көтерсе, серпе көтеру жаттығуында 190 және 193 келі салмақты басынан асыра көтеріп рекордты төрт рет жаңартты. Қос жаттығу қорытындысы бойынша 348 келіні бағындырып, әйелдер арасында 75 келіден жоғары салмақта әлем рекордын бесінші рет орнатты.
Байқап отырсаңыздар, көптеген рекордты осыған дейін өз еншісінде ұстап келген спортшылар жаңартқан. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы шешімімен отандасымыз Илья Ильин ерлер арасында үздік спортшы атанса, әйелдер арасында ресейлік Татьяна Каширина үздік ауыр атлет болып танылды. Екі спортшы да әлем рекордын жаңартып, чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Әлем чемпионаты қорытындысы бойынша ерлер арасында үздік құрама болып Қытай елінің зілтеміршілері танылса, екінші орыннан жерлестеріміз көрінді. Үштікті Ресей құрамасы қорытындыласа, одан кейінгі орындарға Солтүстік Корея, Болгария және Египет спортшылары жайғасқан.
Әйелдер арасында да үздік құрама болып «аспан асты елінің» спортшылары танылды. Одан кейінгі орындарға Тайланд, Ресей, Солтүстік Корея, Колумбия және Қазақстан құрамалары орналасқан.
2015 жылғы әлем чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Ал 2017 жылғы дода Малайзияның Пенанг қаласында өтеді. Алматыда өткен IWF кезекті жиынында мәлім болды.
Сурет: almaty2014iwf.com