Спорттағы ең ірі жарыстардың бірі – Олимпиада ойындары. Олимпиада ойындары ежелгі адамзат баласының өткен тарихының дамуымен байланыстырылады. Осы күнге дейін пайда болу мерзімі нақты айтылмаған. Десе де тұңғыш рет ұйымдастырылған Олимпиада ойындарының алауы осыдан 119 жыл бұрын тұтанған екен.
Олимпиада отаны – грек елі. Ал тарихы ертеден бастау алады. Бұл туралы қызықты деректер де көп. Мысалы, Олимпиада сөзінің өзі Олимп тауы сілемдерінде өткізілгендіктен пайда болған. Алғашқы Олимпиада ойындарында жалғыз спорт түрі ғана болған. Ол кейіннен «марафон» деп аталып кеткен - қашықтыққа жүгіру. Алғашқы ойындардың әділ өтілуі үшін қатысушылар жалаңаштанып жарысқан. Ең алғашқы атлеттер тек ер адамдар болған. Сәйкесінше, әйелдер спорттық жарыстарда жалаңаштанған ерлерді көруге тыйым салынған. Кейбір әйелдер ойындарға өте-мөте қызыққандықтан, ерлерше киініп амфитеатрларға білдіртпей кіріп кеткен де екен. Көне Олимпиада ойындарында жеңімпаздарға зәйтүн ағашының бұтақтарынан өрілген шеңбер кигізілген.
ХІХ орта тұсында Грекияда Олимпиада ойындарын қайта жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалды. Сөйтіп, 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афинада грек спортшыларының қатысуымен секіру, жүгіру, диск, найза лақтыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті. Олимпиада ойындары бүкіл Грекияны біріктіретін, жалпы ұлттық оқиғаға айналды. 1890 жылы Олимпиадалық қозғалыстың белсенді қайраткері Пьер де Кубертен 1500 жыл үзіліп қалған доданың замануи үлгіде ұйымдастырылуына үлкен септігін тигізеді. Нәтижесінде 1894 жылы Халықаралық Олимпиада Комитеті құрылады. Ал араға екі жыл сала бірінші Олимпиада ойындары Грекияның Афины қаласында өтеді.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған Олимпиада ойындары 6-15 сәуір аралығында өткен. Ашылу салтанатын ағылшындар ұйымдастырған. Ал додаға 13 мемлекеттен (Австро-Венгрия бөлек команда ретінде, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Дания, Италия, АҚШ, Франция, Чили, Швейцария, Швеция) 241 спортшы қатысқан. Барлығы 9 спорт түрі (грек-рим күресі, велоспорт, гимнастика, жеңіл атлетика, суда жүзу, нысана көздеу, теннис, ауыр атлетика, семсерлесу) бойынша жеңімпаздарды анықтаған. Ал жарыстағы ең ерекше спорт түрі ретінде марафон бағаланған. Бірінші болып келген грек елінің желаяғы Спиридион Луисқа патшаның өзі Грекиядағы ең жоғарғы атақты сыйлаған.
Алғаш рет өткен Олимпиада ойындарында бейресми командалық есеп бойынша гректер алдына жан салмаған. Олар барлығы 46 медаль иеленген. Екінші орынға 11 медальмен АҚШ құрамасы орналасқан. Бір қызығы, Афины қаласындағы алғашқы Олимпиада ойындарында тек қана бірінші және екінші орындарға ие болғандар ғана медальдармен марапатталған, ал 1900 жылы Парижде және 1904 жылы Сент-Луисте медальдардың орнына кубоктар мен басқа сыйлықтар сыйланған. Ал дәл қазіргідей алтын, күміс және қола медаль сыйлау – 1908 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарынан бастау алады.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған Олимпиада ойындарынан кейін бұл доданы төрт жылда бір рет өткізіп тұру туралы шешім қабылданады. Төрткүл дүние көз тігер дода соғыс жылдары кезінде ғана аздап тоқтап қалғанымен, кейіннен өз жалғасын тауып кетті.
Сурет: cathrynicious.wordpress.com