Жанкүйерсіз - спорт жетім. Қаншама спорт түрі болса, оның миллиондаған жанкүйері де бар. Бағын сынауға шыққан спортшыға қолдау білдіріп, қанатын қомдайтын, керісінше, бетін қағатын да – жанкүйерлер. Жанкүйер деп – бұл тек өзінің сүйікті спортын, отандасын қолпаштайтын, сондай-ақ клубының, елінің құрамасының өз алаңында (тек өз алаңында ғана емес) өткізетін бірде-бір ойынын қалт жібермей барып тамашалайтын адамды атайды. Жанкүйерлік танытуымен әлемге танылған жандар да жоқ емес, баршылық. Ендеше айта отырайық.
Диди Зенфт
«El Diablo» деген атпен танымал неміс жанкүйері велоспорттан өтетін ірі додаларда жиі бой көрсетіп тұрады.
Маноло Эль Бомбо
Испания құрамасының барабан ұстаған жанкүйерін футбол спортынан хабары бар жандардың көбісі таниды. Ол испандықтарға сегіз әлем чемпионатында қолдау көрсеткен.
Кловис Акоста Фернандес (Эрнандес)
Кловис Акоста Фернандестің жалпы жұртқа жайылған аты – Gaucho da Copa (кубок ұстаған Гаучо). Кловис соңғы 24 жыл бойы Бразилия құрамасының барлық ойындарына қатысқан. Қарияны жанкүйерлер мен тілшілер ұлттық құраманың он екінші ойыншысы санайды.
Норберт Штарк
Норберт Штарк 1992 жылдан бері биатлоннан өткен әлем чемпионаты мен әлем кубогының барлық кезеңдерінде жанкүйерлер қатарында болған.
Томас Балайшис
«Секла» деген лақап атпен танымал литвалық баскетбол жанкүйері. Ол ұлттық құрамасының бірде-бір ойынына бармай қалмаған. Сондай-ақ, өмірінде бірде-бір рет қырынбаған да екен.
Булли
Булли – лондондық «Арсеналдың» жанкүйері. Ол өткен маусымда «канонирлердің» өз алаңында өткізген барлық кездесулерінде операторлардың назарынан тыс қалмаған. «Арсеналға» 30 жылдан бері жанкүйерлік танытып келеді.
Моко
«Формула-1» спортының ең танымал жанкүйері – сенегалдық Моко. Ол 1970 жылдардың соңынан бері Гран-При кезеңдерінен қалмай, көріп келеді. Бір қызығы, Моко «Формула-1» спортына қанша қызыққанымен, автокөлік айдай алмайды екен.
Арриго Броведани
2012 жылы футболдан Италия чемпионатында әлем ақпарат құралдары жарыса жазған қызықты оқиға орын алды. «Сампдория» өз алаңында «Удинезені» қабылдайды. Ал ойында қонақ команданы қолдауға жалғыз жанкүйер келген. Ойынға келген Арриго Броведани жалғыз жанкүйер ретінде әлемге танылып шыға келді. Жасыл алаңдағы тартыста оның командасы екі доп басымдығымен жеңіске жетті. Кездесу соңынан алаң иелерінің жанкүйері Арригоны қонаққа шақырған.
Барбаш
Лиссабондық «Бенфика» клубының жанкүйері 35 жылдан бері сүйікті командасының бірде-бір ойынын үйінде отырып тамашаламаған.