Әлемдегі ең бай спортшы қыз кім?

Forbes журналы 2019 жылдың ең көп табыс түсіретін әйел спортшыларын анықтады. Тізімде теннисші қыздар көш бастап тұр.

Спортшылар рейтингке 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың маусымы аралығында тапқан табыстары бойынша іріктелді. Көштің басын теннисші Серена Уильямс бастап тұр. Оның қаржысы $29,2 миллионды құраған. Америкалық спортшы $4,2 миллион ақшасын жарыстардан ұтып алса, $25 миллионы демеушілер мен жарнамадан түскен табысы. 

Рейтингтің алғашқы ондығына кіл теннисшілер енді. Ал басқа спорт түрінен америкалық футболшы Алекс Морган өзгелерден жоғары тұр. Ол $5,8 миллион табыспен 12-ші орынға жайғасқан.

Forbes рейтингінің үздік 10 мынадай:

1. Серена Уильямс (АҚШ) - 29,2 миллион доллар (сыйақы - 4,2, келісімшарт - 25)
2. Наоми Осака (Жапония) - 24,3 (8,3+16)
3. Анжелик Кербер (Германия) - 11,8 (5,3+6,5)
4. Симона Халеп (Румыния) - 10,2 (6,2+4)
5. Слоун Стивенс (АҚШ) - 9,6 (4,1+5,5)
6. Каролин Возняцки (Дания) - 7,5 (3,5+4)
7. Мария Шарапова (Ресей) - 7 (1+6)
8. Каролина Плишкова (Чехия) - 6,3 (4,6+1,7)
9. Элина Свитолина (Украина) - 6,1 (4,6+1,5)
10. Винус Уильямс (АҚШ) - 5,9 (0,9+ 5)
10. Гарбинье Мугуруса (Испания) - 5,9 (2,4+3,5).

Бұған дейін Forbes журналы 2019 жылы ең көп қаржы төленген спортшылардың рейтингін жариялап, тізімге қазақстандық танымал боксшы Геннадий Головкин қосқан болатын. GGG-дің биыл тапқан жалпы табысы 25,5 млн доллардан асып үлгерді. Оның 23,5 млн доллары - Роллспен айқасы үшін гонорар, ал 2 млн доллар - демеушілік келісімшарттардан түскен. Forbes рейтингінде Головкин 95-орынға тұрақтаған және посткеңестік елдер арасында тізімге енген жалғыз спортшы атанды.