«Ақтөбе» футбол клубы жаңа маусымдағы алғашқы ойынын VI турда ғана өз алаңында өткізді. Осыған дейінгі өз алаңында өтуі тиіс болған ойындарға Қобыланды батыр атындағы стадион дайын болмаған еді.
Павлодардың «Ертіс» клубына қарсы өткен ойында жергілікті жанкүйерлер сүйікті командасын «Ақ сәулем» әнін айтып қолдады. Тек ән қайырмасындағы «Ақ сәулем» сөзінің орнына «Ақтөбем» сөзін қосқаны болмаса...
Жергілікті жанкүйерлердің футболды сағынғаны анық байқалды. 90 минут бойы тапжылмай қолдау білдірді. Ойында «Ақтөбе» «Ертіспен» 1:1 есебімен тең ойнады.
Батысқазақстандық клуб VII турдағы ойынын Алматыда «Қайратқа» қарсы өткізеді. Кездесу 23 сәуірге белгіленген. Қазіргі таңда «Ақтөбе» турнир кестесінде 8 ұпаймен 5-орында келеді.