Африкалықтар Месси бұзған рекордқа шағым түсірмек

Замбия футбол ассоциациясы "Барселона" шабуылшысы Лионель Мессидің орнатқан рекордына (бір жылда соққан гол саны бойынша) келіспей, ФИФА-ға шағым түсірмек. 

Естеріңізде болса, Лео Месси 9 желтоқсан күні Герд Мюллердің 1972 жылы орнатқан "мәңгілік" рекордына түзету енгізген еді. 

Африка елінің спорт шенеуніктерінің айтуынша, әлемде бір жыл ішінде ең көп гол соққан олардың отандасы Годфри Читалу екен. Ол 1972 жылғы ойын маусымында 107 мәрте қақпаны дәл көздеген. Бірақ сол кездегі ФИФА басшылығы ол орнатқан рекордты жергілікті біріншілік құжаттарының нашар рәсімделуіне байланысты тіркемеген көрінеді. 

Енді міне, арада қырық жыл уақыт өткеннен соң, Замбия футбол ассоциациясы тәуелсіз коммисия құрып, Читалу соққан голдардың нақты санын есептеп, қорытынды нәтижені ФИФА басшылығына тапсырмақ. 

Годфри Читалу өзінің футбол мансабын 1968 жылы бастап, бүкіл футбол тарихын Замбия клубтарында өткізген екен. Читалу Замбияның бес дүркін чемпионы. Мансабын 1982 жылы аяқтаған ол іле-шала ұлттық құрама тізгінін ұстайды. 1993 жылы футболдан Замбия құрамасымен бірге қайғылы жағдайда әуе апатында қаза табады.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: futbik-news.blogspot.com