Психология пәнінің көптеген оқулықтарында "бақыт" термині өз өмірінен толық қанағаттанушылық сезімін сезінген адамның психологиялық көңіл-күй ауаны деп түсіндірілген. Әдептану саласында Бақыт мәселесімен шұғылданатын ілімді фелицитология (грек. Бақыт туралы ілім) деп атайды. Ғалымдар ғасырлар бойы "бақыт" деген терминнің айналасында бас қатырып келе жатыр. Мысалы, жақында Америка Құрама Штаттарындағы Дартмут колледжінің ғалымдары мен Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының мамандары адамда бақытсыздық 47-48 жастан басталатынын анықтады.
Мамандар 132 елдің мәліметтерін зерттеді. Түрлі жастағы адамдардан өмірге қанағаттану деңгейін бағалауды сұраған.
Сонымен қатар, Қытай, Мексика және Ресей азаматтары басқа елдердің азаматтарына қарағанда 43 жасында өздерін "бақытсыз" сезіне бастайды. Мамандар мұны ағзадағы биохимиялық процестермен, гормоналды фонмен және жалпы қартаюмен байланыстырады.
Олар адамның білім деңгейі, дәулеті, отбасылық жағдайы, тұрғылықты жері маңызды емес дейді.
Америкалық зерттеушілердің пікірінше, шамамен 65 жасында адам өзін қайтадан бақытты және өмірге ризамын деп есептей бастайды. Бұл жағдайды адам 18-20 жыл бойы сезінеді және 80 жасында шыңына жетеді.