Sports Illustrated: "Головкин спорттық бабындағы ең үздік боксшы"

Америкалық танымал Sports Illustrated басылымы нағыз спорттық бабындағы физикалық дайындығы жоғары спортшылардың рейтингін жариялады. Үздік 50 спортшының қатарында отандасымыз Геннадий Головкин де бар.

Sports Illustrated статистикалық ақпараттарды жиі жариялайтын басылымдардың бірі. Нағыз спорттық бабындағы спортшыларды анықтауда түрлі параметрлерді назарға алған. Физикалық әрі нағыз бабында жүрген спортшыларды күші, жылдамдығы, төзімділігі, айла-тәсілі мен ептілігі, сондай-ақ соңғы бір жыл ішіндегі жетістігі бойынша анықтаған.

Геннадий Головкин спорттық бабындағы ең үздік 50 спортшының қатарында 11-орынға жайғасқан. Тағы бір айта кететіні, отандасымыз бұл рейтингке енген жалғыз боксшы.

- Головкин қазіргі таңдағы P4P санатындағы ең үздік боксшылардың бірі. 35 жастағы қазақстандық боксшы шаршы алаңда төзімділігі жоғары, соққысы жойқын, күші тасыған спортшылардың бірі. Қыркүйек айында «Канело» Альвареске қарсы жекпе-жек өткізіп, Головкиннің басымдылығы байқалғанмен, төрешілер кездесуді тең дәрежеде өтті деп шешті. Көпшілік бұл кездесуде Головкин жеңіске жетті деп санайды, - дейді басылым.

Нағыз спорттық бабындағы спортшылар көшін мадридтік Реал мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду бастап тұр. Екінші орынға баскетболшы Леброн Джеймс орналасқан. Үштікті танымал теннисші Роджер Федерер түйіндеп тұр.

Әйелдер арасында нағыз бабындағы спортшы ретінде америкалық спорттық гимнастика шебері Симона Байлз танылған. Екінші орынға Эллисон Феликс  (жеңіл атлетика), үшінші орынға Кэти Ледеки (суда жүзу) орналасқан.