Компьютер ойынгерлерінің сүйіктісіне айналған FIFA ойыны жаңартылған 2020 жылға арналған сериясы ел назарына ұсынылды. "Бұл ойыннан не күту керек?" деген сұрақ көптеген ойыншыларды толғандыратыны рас. Ендеше Massaget FIFA 20 ойынындағы жаңашылдықтар және өзгерістермен таныстырады.
Аты аңызға айналған ойынның кезекті бөлімі шыққан сайын компьютер әуесқойлары ойынның түбегейлі өзгермегеніне әбден дағдыланып алған. Ағымдағы бөлімнің графикасы жақсы деңгейде екенін байқауға болады. Ал геймплейдің жетілдіруіне компания әлі күнге тер төгіп келеді. Әрине, ойын деңгейін бір баспалдаққа көтеретін идеялар жоқ емес.
Ойын жылдам бола түскен. Бірінші байқайтыныңыз осы. Ойыншылар допты ала салғанда шапшаң қозғалып, ептілігін арттыра түскен. Осының арқасында футболшылар бірнеше қарсыласының арасынан оңай суырылып шығады. FIFA 20-да Тиаго Алькантара не Френки де Йонг секілді шапшаң ойыншылар командаңызда маңызды рөл атқаратын болады.
Бұдан бөлек жасанды сананың деңгейі өскен. Ойыншылар алаңда бұрынғыға қарағанда жақсы көретін болған, бос орынды тез байқайды. Вингерлер қарсыласының артынан жүгіріп өтуге қорықпайды. Ойынның өткен сериясындағыдай ойыншылар бос алаңды көрмей, көп қателесе бермейді.
Тағы да айта кетерлігі, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық қосылды. Мысалы, қақпашы қарсыласы тарапынан қысымды байқамаса допты міндетті түрде қолына алмайды. Сіздің қалауыңызша, бірден әріптесіне пас беруге болады. Әрине, бұл ойын нәтижесіне айтарлықтай өзгеріс алып келмейтіні анық, бірақ ойынға сәл де болсын жаңашылдық келгені қуантпай қоймайды.
FIFA 20 ойыны оңай бола түсті деп ойлап қалмаңыз. "Манчестер Сити" не ПСЖ-ның мықты ойыншысымен қарсыласыңызды оңай шаң қаптырып кете алмаймыз. FIFA әрқашан футболшылардың параметріне көп көңіл бөлген. Ал биылғы сериясында ойыншыларға қойылатын талап екі есе өскен. Егер сіз қорғаныстан шыққыңыз келсе Боатенг немесе Маркиньос секілді жақсы пас бере алатын қорғаушыларды таңдауыңыз қажет. Оның үстіне ойыншылар пас беруде көп қателесетінін ескеру қажет.
EA Sports әлі күнге дейін "кик-офф" мәселесін шешпеген. Жаңа серияда да алаң ортасынан ойынды бастағанда гол соғу оңайдың оңайы. Оған қоса рейтингі жоғары футболшылар алыстан қақпаны дәл көздейтіні бар. Бұл да бұрыннан келе жатқан кемшіліктің бірі.
Ойынның режимдеріне келер болсақ, EA Sports еш өзгеріс енгізбеді. Бұрынғыша FUT және карьера режимдері бар. Тек карьерада баспасөз-мәслихаттарын өткізіп, ойын алдына не соңында алаң шетінен тұрып журналистердің сұрағына жауап беруге болады. Ал Ultimate Team режиміне еш өзгермеді.
FIFA 20 басты сыйлығы — Volta: көше футболы. Енді өзіңізді стрит-футболшысы сезінуіңізге болады. Алекс Хантердің оқиғасы секілді Volta режимінің өз сценарийі бар. Көше футболы FIFA-дан мүлдем өзгеше. Қарсыласыңызды жеңу үшін мүлде басқа тактика мен қасиеттерді пайдаланасыз. Үшке үш ойнайтын Volta жылдам қозғалысты қажет етеді. Ойыншылардың қозғалуы, пас беру, ойлануы - бірер секундта шешім қабылдап үлгеру керек.
FIFA жылдан жылға кішкене қадаммен болсын алға жылжып келеді. Бұл - ең бастысы. Сіз де ойнап көріп, алған әсеріңізбен бөлісіңіз.