Америкалық былғары қолғап шебері Альберт Хьюз ерекше жетістікпен Гиннес рекордтар кітабына енді. Бұл туралы The Sun басылымы мәлімдеді.
14 желтоқсан күні Альберт Хьюз 36 жылдық үзілістен соң шаршы алаңға оралды. 70 жастағы боксшы соңғы кездесуінде Мак Поллит есімді қарсыласына есе жіберген болатын. Оның қазіргі қарсыласы да "осал" емес. Альберт Хьюз шаршы алаңға 12 жылдан бері алғаш шыққан 43 жастағы Треймен Таунс есімді боксшымен жекпе-жек өткізді.
Жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Екінші раундтың басында Альберт Хьюз қарсыласын нокдаунға жіберген. Артынша бірнеше соққы жасап, Треймен Таунсты қайта құлатады. Бұдан кейін төреші жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Бокс кеші Альберт Хьюздің өзіне-өзі қол салып, қайтыс болған ұлының құрметіне өтті. Кештен түскен қаражаттың бәрі суицидтің алдын алу үшін жұмсалатын болады. Осылайша 36 жылдық үзілістен соң Альберт Хьюз рекордын 22 жекпе-жекке жеткізді. Оның 11-інде жеңіске жетсе, жетеуінде ұтылып қалған. Тағы төрт жекпе-жегі тең есеппен аяқталды.
Бұған дейін ең кәрі боксшы атағы британиялық Стив Уордқа тиесілі еді. Ол соңғы жекпе-жегін 60 жасында өткізген.