4 жасар баланы құтқарған мысық бейсбол ойынына шақырту алды

АҚШ-та 4 жасар баланы құтырған иттен құтқарған мысық бейсбол ойынының құрметті қонағы болуға шақырту алды. Бұл туралы Associated Press агентігі хабарлап отыр.

Тара есімді мысықты калифорниялық "Бейкерсфилд Блейз" командасы өз ойынына шақырыпты. Сонымен қатар, «батыр мысық» кездесуде допты ойынға қосу құрметіне де ие болып отыр екен. Ал оның қалай жүзеге асары әзірге белгісіз. Үй жануарының иелері бұған рұқсаттарын беріпті. Ал ойын 20 мамыр күні өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, желіде «Мысығым менің баламның өмірін аман алып қалды» (My Cat Saved My Son) деген видеоролик осыдан 6 күн бұрын тараған болатын. Видеода аулада кішкентай велосипед теуіп жүрген балаға ит шауып, аяғынан тістей берген кезде жақын арада тұрған үй мысығы итке шап беріп, құтқарып қалады.

Баланың әкесі Роджер Триантофило үй камерасына түсіп қалған видеоны youtube видеоресурсына салған. Видеоролик 14 мамыр күні салынып, бір күннің ішінде 5 068 934 көрілім жинаған.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:goal.net.ua