2018 жылдың ең үздік голы 24 қыркүйекте анықталады

2018 жылдың ең үздік голы 24 қыркүйекте анықталады
Фото: YouTube

Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы (ФИФА) 2018 жылғы Пушкаш сыйлығына үміткер 10 голды жариялады. Бұл марапат асқан шеберлікпен ең әдемі гол соққан футболшыға табысталады.

Пушкаш сыйлығы 2009 жылдан бері табысталып келеді. Танымал сыйлықтың атауы 1950 жылдары Венгрия ұлттық құрамасының капитаны болған Ференц Пушкаш құрметіне берілген. Олай болса биылғы Пушкаш сыйлығына үміткер 10 голмен таныс бола отырыңыздар. Дауыс беру ФИФА-ның ресми сайтында жүргізіледі. 


Соңғы рет Пушкаш сыйлығын Оливье Жиру иеленді. Ал оған дейін бұл марапаттарға Роналду (Португалия), Хамит Алтынтоп (Түркия), Неймар (Бразилия), Мирослав Стох (Словакия), Златан Ибрагимович (Швеция), Хамес Родригес (Колумбия), Венделл Лира (Бразилия) және Фаиз Субри (Малайзия) сынды ойыншылар ие болған еді.

Бір қызығы 2010 жылы Пушкаш сыйлығына ие болған Хамит Алтынтоп үздік голын Қазақстан құрамасының қақпасына соққан. Түрік футболшысын қазақстандық қақпашы Андрей Сидельников FIFA кешіне арнайы барып марапаттаған болатын.  

2018 жылғы Пушкаш сыйлығының иегері 24 қыркүйек күні Лондонда өтетін "The Best FIFA Football Awards" кешінде белгілі болады. Сондай-ақ бұл кеште 2018 жылдың үздік футболшысы, әйелдер арасындағы үздік футболшы, үздік жаттықтырушы, әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы, үздік қақпашы, FIFA Fan Award (жанкүйерлерге арналған жүлде) және таңдаулы құрамға енген футболшылар да анықталады.

О. Сансызбай