Ертең Астанадағы «Сарыарқа» велотрег кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің 2015 жылғы жеңімпазы анықталады. Қазақстандықтар барлық белдесулерді тікелей эфирде «КazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ал біз сіздерге еліміздегі ірі дода туралы биылғы қызықты деректерді айта кеткенді жөн санап отырмыз.
- Биылғы «Қазақстан барысы» бесінші рет ұйымдастырылып, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына арналып отыр.
- «Қазақстан барысының» бас демеушісі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры биыл жарыстың бюджет қорын екі есе қысқартты. Жүлде қоры сақталып қалды.
- Биылғы «Қазақстан барысының» төрешілері бір күн алдында ғана белгілі болады. Олар додаға қатысушылармен таныстырылғаннан кейін, жарыс соңына дейін қандай да бір жолмен байланысқа шықпайды. Төрешілердің әділ болуын қамтамасыз ету мақсатында, осыған дейін «сақтандыру жарнасы» енгізілген болатын. Ережелерге сәйкес, өз міндеттерін адал атқармаған төрешілерге ақша кері қайтарылмайды. Бұл жылы төрешілік сақтандыру жарнасы 1 мың АҚШ долларын құрап отыр. Жарыс соңына жеткеннен кейін төрешілер біркүндік еңбегі үшін 1 мың АҚШ долларынан бөлек 900 000 теңге алатын болады.
- 2015 жылғы «Қазақстан барысының» жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде 35 000 АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына тағайындалған.
І орын – 150 000 АҚШ доллары;
ІІ орын – 30 000 АҚШ доллары;
ІІІ орын – 10 000 АҚШ доллары;
- Республикалық турнир биыл шілде айының 5-інде Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтуі тиіс болатын. Кейіннен Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын шаралардың тығыздығына байланысты 4 шілдеге ауыстырылды.
- 2013 жылы күміс жүлдегер атанған Ержан Шынкеевке жартылай финалдағы дауласуы үшін федерация оны екі жылға қазақ күресінің жарысына қатысуына шектеу қойған еді. Биыл қарағандылық Ержан Шынкеев шешуші кезеңде өнер көрсететін болады.
- 2015 жылғы «Қазақстан барысының» шешуші кезеңінде өнер көрсететін ең жас балуан Маңғыстау облысының намысын қорғайтын - Нұрдәулет Жарылғапов.
- Биылғы «Қазақстан барысына» қатысатын 33 балуанның 16-сы бұған дейінгі финалдық кезеңде өнер көрсеткен.
- «Қазақстан барысы» жобасы басталғалы бері қатысып келе жатқан үш балуан бар. Олар - 2012 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл обл.), 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғмаров (ШҚО) және Ақмола облысының алыбы Нұрлан Жамалов. Осы үш балуан 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турнирден бірде-бір рет қалған емес. Яғни, бұлар биыл бесінші рет белдеседі. Ал, Мұхит Тұрсынов (ШҚО), Максим Гербер (Қостанай обл.), Ғани Сейділдаев (Астана қ.) және Рүстем Жұмаев (СҚО) «Қазақстан барысы» турнирінде төртінші рет бақтарын сынамақ.
- 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирге көз жүгіртер болсақ, Шығыс Қазақстан облысының балуандары өзгелерден оқ бойы озық тұр. Нақтырақ айтсақ, шығысқазақстандықтар осыған дейін бес жүлденің иесі атанған.
Турнирдің төртжылдық тарихында еліміздің бес облыс балуандарына жүлде бұйырды:
ШҚО – 2 алтын белбеу, 1 күміс белбеу, 2 қола белбеу;
Жамбыл обл. – 1 алтын белбеу, 1 күміс белбеу;
Қызылорда обл. – 1 алтын белбеу, 1 қола белбеу;
Қарағанды обл. – 2 күміс белбеу;
ОҚО – 1 қола белбеу;
- Биыл Шығыс Қазақстан облысының намысын үш балуан қорғайтын болады. Айбек Нұғымаров пен Талғат Әміренов іріктеу кезеңінен өтсе, Мұхит Тұрсынов 2014 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы ретінде финалдық кезеңге тікелей қатысатын болады.
- Жылдағы дәстүр бойынша, жанкүйерлер арасында сатылған билеттер арқылы жүлде ойнатылады. Бас жүлдеге автокөлік тігіліп отыр. Жалпы, жанкүйерлер арасында автокөлік ұтысын ойнату - «Қазақстан барысының» жылдағы дәстүрлі сыйына айналып келеді.
Айта кетейік, «Қазақстан барысы» ертең Астана уақытымен сағат 12:00-де басталады. Дүбірлі доданы «KAZsport» телеарнасы барлық белдесулерді тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, жарыстың финалдық кездесулері «Қазақстан» ұлттық телеарнасында 17:45-те тікелей эфирде көрсетіледі.
Массагет порталы да жарыс алаңынан ақпарат тарататын болады! Бағың жансын, Барысым!