20 шілде – Дүниежүзілік шахмат күні

20 шілде – Дүниежүзілік шахмат күні
Фото: Valopolis

1966 жылдан бастап 20 шілде Халықаралық шахмат күні ретінде тойланады. Бұл мереке 1924 жылы құрылған Әлемдік шахмат федерациясы шешімімен бекітілген. Оның тарихына үңілсек, мереке ойда жоқта пайда болған екен. Әлемдік шахмат федерациясы қалай да шахматты спорт деңгейіне көтеру үшін ойынға тиесілі күнді белгілеген көрінеді.

Ойынның аты парсы тілінен аударғанда "шах мат" - "билеуші өлді" деген мағынаны білдіреді. Бұл танымал ойынның отаны – Үндістан. Шахматтың прототипі чатуранга деген үндістандықтар ойнайтын ойын болған. Кезінде құмар ойындарға жатқызып аластатылған шахмат ойынының бұл күнде ғалымдар адам миының қалыпты жұмыс істеуіне пайдасы көп екенін дәлелдеген. Бұл ойынды жер шарының 25% тұрғыны ойнайды екен.

Бұл мерекенің тағы бір ерекшелігі, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан секілді бірқатар елдердің бастамасымен Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы 20 шілдені Бүкіләлемдік шахмат күні деп белгіледі.

Жаңа резолюцияның авторлары бүкіл әлем халқы шахмат ойнайтынын айтқан. Оның үстіне бұл ойын әділ болуға, өзара сыйласуға үйретеді. 

Шахмат ең ежелгі интеллектуалды ойын саналады. Бұл ойында спорттың да ғылыми ойдың да, мәдениеттің де элементтері бар. 

 

А. Рысдәулет