Бокс – ертеден келе жатқан көне спорт түрлерінің бірі. Бірақ, ертеректе бұл спорт түрінің белгілі бір ережелері мен уақытына шектеу болмаған...
Қос қарсыластың шаршы алаңда қолғап киіп, бокс қағидаларына бағынып жұдырықтасуы – осы спорт түрінің шырқау шыңы деп қарауға болады. Ертеректе жекпе-жекке шыққан екі қарсыластың бірі есінен танып, мойындамайынша жұдырықтасу тоқтатылмаған. Бұл бір жағынан қазіргі ережесіз жекпе-жекке де ұқсайды. Кездесулердің соңы қайғылы жағдаймен де аяқталып отырған. Ал осы бокстағы қазіргі спортшылар қолғабының прототипі біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда пайда болған екен. Жұдырықтасушылар қолдарына, кейде тек саусақтарына былғарыдан жасалған қолғап киіп шыға бастаған. Ал кейінірек Рим империясы дәуірінде ол қолғаптар темір немесе қорғасынмен де көмкерілген екен.
Бүгінгі бокс дәуірі алғаш рет ХVІІІ ғасырда Англия жерінде дами бастады. Оның алғашқы негізін қалаушылардың бірі де тұңғыш ресми әлем чемпионы жергілікті Джеймс Фигг есімді азамат болды. Ол чемпиондық атақты иеленгеннен кейін өзінің бокс академиясын ашты. Аса құлшыныспен жұмысына кіріскен чемпион академияға түскен жастарға бокс әліппесін үйрете бастады. 1865 жылы бокстың алғашқы ережелері пайда болып, шаршы алаңның көлемі мен раунд уақыты белгіленді. Дәл сол жылы маркиз (Францияда, Англияда, Италияда және Испанияда дворянның титулы) Джон Дуглас Квинсбери мен журналист Джон Чемберс қолғаппен жұдырықтасудың басты ережелерін жасақтап шықты. Бірақ, қолғаппен рингте өнер көрсету бірден басты ережеге еніп кете алмады.
1889 жылы 6 тамыз күні америкалық қос былғары қолғап шеберлері Джон Салпиван мен Митчел Кипрайвип арасында қолғапсыз соңғы бокс жекпе-жегі өтті. Одан кейін бокс спортындағы барлық кездесулер арнайы бокс қолғаптары арқылы өткізіліп келеді. Ерте заманнан етек жайып келе жатқан бокс бүгінгі таңда әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің қатарынан ойып тұрып орын алды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: fightnews.ru