Елімізде 2 маусым күні басталған ҰБТ тестілеудің бесінші күнінде үздік 125 балл жинаған Ержанова Ұлпан Ержанқызы Massaget.kz-те пікір білдірді. ҰБТ-2014-тің бесінші күнінде Оңтүстік Қазақстан облысының екі оқушысы 125 балл жинағанын хабарлаған болатынбыз.
- Ұлпан, қай мектепті бітірдің?
- Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ғ.Мұратбаев орта мектебінің түлегімін.
- Тестілеуден үздік балл жинайтыныңа сенімді болдың ба? Сынақ тестілеулерден қанша балл жинаған едің?
- Әрине, 125 балл аламын деген ойым болды. Себебі сынақ тестілеулерінен-ақ 100 баллдан кем алмадым. Дайындығым да жақсы болды дей аламын. Таңдаған пәнім – ағылшын тілі болды.
- Енді қандай мамандық иесі болғың келеді?
- Мен кішкентай кезімнен Қытай тілін, мәдениетін үйренгім келді. Соған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне түсу ойымда болған. Бірақ кейін келе басқа да Жоғары Оқу Орындарын қарастырып көрсем бе деген ой пайда болды. Мәселен, ҚМЭБИ-дің Халықаралық қатынастар факультетіне түскім келеді.
- Бұл мектепке дәл он бірінші сыныпта неліктен ауысып кеттің? Әдетте ауыл квотасын алуға асыққан түлектер осылай жасаушы еді.
- Мен бұл мектепке бір ғана себеппен, яғни отбасылық жағдаймен ауыстым. Ал квотаға келер болсақ, мен бұған дейін оқыған мектеп – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шалқар ауылы. Ауылдық квота алғым келсе, басқа мектепке ауыспай-ақ алуға мүмкіндік бар еді. Сондықтан, ауыл немесе қаладан бітіру деген ойым болған жоқ.
- Ата-анаң жайлы, жалпы отбасың туралы айтып өтсең.
- Әкем – Рақышев Ержан. Шешем – Светлана Рақышева. Сосын 9 сыныпты қызылмен бітірген Нұрасыл деген інім бар. Інім әзірге қандай мамандық таңдайтынын шешпеді.
- Ұлпан, пікіріңе рақмет. Жетістігіңмен Massaget.kz сайты шын жүректен құттықтайды. Арманыңа жет!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: автордан