«Аспан қарлығаштары», стюардессалар – ең романтикалық мамандықтардың бірі. Жолсеріктің жұмысы бірашама ауыр болғанымен, жалақы деңгейі, әлеуметтік жеңілдік пен романтикалық тартымдылығы көптеген қыздарды стюардесса болуды армандауға сеп болады.
Стюардессаларға қойылатын талаптар
Жұмысқа қабылдайтын әр компания жолсеріктерге түрлі талап қояды, бірақ көбіне бұл қызметке 19-30 жас аралығындағы, бойы 160-тан 180 см-ге дейінгі қыздарды алады. Сонымен қатар болашақ стюардессаның келбеті сүйкімді, дене сымбаты 48-ші өлшемге дейін және сөйлеу мәнерінде мін болмауы тиіс. Білімі ортадан төмен емес, ал мамандығына аса назар аударылмайды. Есесіне бірнеше тіл білуі маңызды – әсіресе ең негізгі қазақ, орыс және ағылышын тілдерін. Оған қоса неміс, француз, түрік және т.б. тілдерді білгені құпталады. Жолсеріктің денсаулығы мықты болуы қажет, жүзе білуі керек және әрдайым спортпен шұғылданып тұрғаны дұрыс. Бортқа созылмалы аурулары бар қыздарды және көз көруі -2,5-тен төмен болса алмайды.
Стюардесса болу үшін...
Алдымен өзіңіз істегіңіз келетін компанияның сайтындағы анкетаны толтырыңыз. Кандидатураңызды қарастырған жағдайда, сізді бірнеше кезеңнен тұратын әңгімелесуге шақырады. Бірінші кездесуде жұмыс беруші сізбен танысып, біліміңіз, тәжірибеңіз және шет тілін қаншалықты білетіндігіңіз жайлы сұрайды. Сонымен қатар бұл кезеңде ұшу кезінде қиын жағдайлардан шығу амалдары сияқты арандатушылық сұрақтар да қойылуы мүмкін.
Жұмысқа тұру үшін әңгімелесуге баратын болсаңыз қатаң дресс-кодты ұстаныңыз: шашыңыз ұзын болса буып қойыңыз, болмаса жайып қойыңыз, қарапайым макияж және іскерлік кәстөм мен белдемше киіңіз.
Бұдан кейін бірнеше шет тілінде жазбаша әңгімелесу болады. Мұнда сіз тек өзіңіз жайлы ғана емес, болашақ мамандығыңызды қаншалықты білетіндігіңізді баяндайсыз. Барлық әңгімелесуден сүрінбей өтсеңіз сізді медициналық комиссиядан өтуге және психологтың сынағынан өтуге жібереді. Осындай қатал іріктеуден кейін 70% үміткер шығып қалады. Қалған 30%-ы стюардессаларға арналған арнайы мектепке түседі. Практикалық және теориялық жаттығулардан тұратын оқу 3-6 ай жалғасады. Болашақ жолсерік ұшу жайлы бәрін білуі керек – қолданылатын ұшақтардың түрлерінен салондағы дүрбелеңді тоқтату амалдарына дейін. Оқу біткен соң қыздар емтихан, ал бұдан да сәтті өткендер тәжірибе тұрғысынан нұсқаушымен 30 сағат ұшу емтиханын тапсырады. Бәрі біткен соң үшінші дәрежелі жолсерік деген куәлік табысталады.
Стюардессаның міндеті – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларға қызмет көрсету және салонды жинастыруға көмектесу.
Әрі қарай?
2000 сағат ұшқан соң стюардесса екінші дәрежелі куәлікке емтихан тапсыра алады, ал 3000 ұшудан кейін ол бірінші дәрежелі маман болады. Мансабының өсуімен жалақысы да өседі. Бұдан өзге барлық жолсерік біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, ағылшын тілінен тест тапсырып тұрады. Табысты қызметкерлер қосымша үстемақы алып, ал селқос жұмысшылар жұмыстан шығып қалуы да мүмкін. Стюардесса мамандығы сізден дүрбелең кезеңде өз-өзіңді басқара алу, қарым-қатынас орнату шеберлігі, төзім мен шексіз шыдамдылықты талап етеді. Есесіне жоғары жалақы, ел-жер көру мүмкіндігі және өзіңіз бен отбасыңызға әлеуметтік жеңілдік сияқты көптеген жағымды жақтары бар.
Сурет: kz.troniks.kz, www.trud.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина