Александра Гуц – Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану бөлімінде оқиды. Бүгінде Түркия астанасындағы Анкара университетінің Түрік тілі және әдебиеті факультетінде білім алуда. Ол Анкара университетіне Ерасмус (ERASMUS) бағдарламасы бойынша жарты жылға ауысып келген.
Біз Александрамен қазақ тілінде сөйлестік. Қазақ тілінде еркін сөйлемесе де, ойын толық жеткізе алады. Александраның айтуы бойынша, Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университет - Польшадағы қазақ тілін үйрететін бірден-бір жоғарғы оқу орны.
«Мен лицейді бітірген соң этнология бөліміне оқуға түстім. Сол жерде әр түрлі елдердің мәдениетімен таныстым. Маған түркі мәдениеті қатты ұнады. Сол себепті Адам Мицкевич атындағы университеттің түркітану бөлімін таңдадым. Біздің факультетте түрік, қазақ тілдері үйретіледі. Маған алғашында қазақ тілін үйрену қиынға соқты. Поляк тілі мен қазақ тілінің грамматикасында өзгешеліктер өте көп. Қазақ тілінде біздер үшін жаңа дыбыстар бар. Алайда мен қазақ тілін қатты жақсы көремін. Бұдан да жақсырақ үйренгім келеді», - дейді Александра.
Александраға Польшада қазақ тілінен Гүлайхан Ақтай есімді қазақ оқытушы дәріс береді. Оқытушысының Польшада тұрып жатқанына бірнеше жыл болған. Шымкент қаласының тумасы көрінеді.
«Гүлайхан апайдан бөлек тағы бір поляк оқытушысы бар. Ол кісінің жұмысқа тұрғанына көп болмады. Бұрын біздің бөлімде оқып, магистратураны тәмамдаған. Кейін сол жерде оқытушылық қызметте қалды», - дейді ол сөзін толықтырып.
Александра оқуды бітірген соң қазақ, түрік тілдерінен аудармашы болғысы келеді. Ол қазірдің өзінде ана тілінен бөлек ағылшын, түрік, қазақ, неміс тілдерін жақсы біледі.
Сөз арасында алдағы уақытта Қазақстанға барғысы келетінін де жасырмады. «Біздің университеттің студенттері Қазақстанға оқуға барып-келіп жатады. Болашақта менің де барғым келеді. Алайда қашан, қалай жол түсерін айта алмаймын. Сіздің елге қандай бағдарламалар арқылы оқуға болатынын жақсы білмеймін, сондықтан мүмкіндіктерді қарастыру үстіндемін», - дейді.
Александраның қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары. Басқа университетте оқып жүрсе де, Гази университетінің Әдебиет факультетіндегі «Қазақ тілінде сөйлесу» және «Қазақ тілінің мәтін ақтармасы» сабақтарына келіп, қосымша дәріс алып жүргеніне қарап таңдай қағасың.
Қазақтың салт-дәстүрі, мәдениетімен тек интернет арқылы таныс болса да, жыл сайын Польшада Наурыз мейрамын атап өтеді екен.
Әңгіме барысында отбасы туралы да айта кетуін өтіндік. «Мен Польшаның батысында, яғни, Германиямен шекаралас аймақтағы Щецин қаласында тудым. Отбасында төрт адамбыз. Әкем – тарихшы және музыкант. Ал, анам орыс тілі пәнінің оқытушысы. Сіңілім болса, неміс тілі бөлімінде оқиды», - дейді.
Александраның жасы 26-да. Тұрмыс құрмаған. Поляк қыздарының көбісі отыз жастан соң тұрмысқа шығатын көрінеді. Бос уақытанда баскетбол ойындарын тамашалағанды ұнатады. Сондай-ақ, қазақ рэптерін сүйіп тыңдайды. Оның ойынша қазақ әріптерінің дыбыстық ерекшеліктері рэп айтуға өте қолайлы.
Поляк қызының фейсбуктегі жеке парақшасын ақтарып отырып мынаған көзіміз түсті. Ол «қазақ тілін жақсы көремін» деп бірнеше мәрте жазған екен.
Александраның қазақ тіліне деген құрметіне әңгімелесу барысында толық көзіміз жетті. Алыстағы бір қыздың ана тілімізге деген махаббатын көріп, қатты қуандық. Ендеше, қазақ тілінің жасай беруі үшін «Александралар» көп болсын деп тілейік.
Анкарадан арнайы Массагет үшін: Шерхан Талапұлы
Сурет: Шерхан Талапұлы, жеке мұрағат